Алматы тауларында жоғалған 13 жасар бала аман-есен табылды

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
Горы. фото: shutterstock, бильд-редактор: Дастан Шанай
Алматы тауларында жоғалған 13 жасар бала аман-есен табылды / Фото: shutterstock, бильд-редактор: Дастан Шанай

Алматылық құтқарушылар Бутаков шатқалы маңында жоғалып кеткен 13 жасар жасөспірімді іздеп тауып, ата-анасына қайтарды. Бақытымызға орай, балаға медициналық көмек қажет болмады.

Оқиға жайлы хабарлама баланың әкесінен түскен. Ата-анасының айтуынша, 2013 жылы туған ұл досымен бірге Бутаков шатқалы бағытына қарай аттанып, кейін байланысқа шықпай қалған. Жасөспірімнің соңғы тіркелген геолокациясы Фурманов шыңындағы «Панорама» лашығы маңында анықталған.

Хабарлама түсе салысымен, Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің Құтқару қызметі дереу іздестіру жұмыстарын бастады. Құтқарушылар топтасып, таулы аймақ пен белгіленген бағытты мұқият тексерді. Іздестіру нәтижесінде жасөспірім табылып, құтқарушылар оны таудан аман-есен төмен түсіріп, ата-анасының қолына тапсырды.

Төтенше жағдайлар қызметі ескертеді:

Тауға серуендеу – қауіпті әрі жауапкершілікті талап ететін іс. Құтқарушылар азаматтарды тауға шығар алдында келесі қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады:

  • Маршрутты хабарлау: Баратын бағытыңызды және жоспарланған қайту уақытыңызды жақындарыңызға міндетті түрде ескертіңіз.
  • Байланыста болу: Тауға шыққанда телефонның зарядын толтырып, жақындарыңызбен үнемі байланыста болыңыз.
  • Дайындық: Ауа райының өзгеруіне дайын болыңыз және тек танымал, қауіпсіз соқпақтармен жүріңіз.

Айта кетейік, осыған дейін Алматы тауларында Қытай азаматшасы зардап шегіп, оны ТЖМ қызметкерлері құтқарғанын жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз