Банк пен қаржы

Байлығы 982 млрд доллар: Илон Маск ең алғашқы триллионер атануға жақын

Илон Маск тарихтағы ең алғашқы триллионер атанды
Илон Маск алғашқы триллионер атануға дайын / фото: REUTERS/Adrees Latif

Әлемнің ең бай адамы Илон Маск адамзат тарихында ең алғашқы триллионер атануға жақын. Оның SpaceX компаниясы IPO-да 75 млрд доллар тартқан соң, Маск дәулеті 982 млрд долларға жетті.

Қазірдің өзінде баспасөз 54 жастағы кәсіпкер Илон Маскті «алғашқы триллионер» деп атап үлгерді. Мәселен, беделді Reuters басылымының өзі мақаласын осылай деп айқайлатып атады.

Дегенмен Forbes түзген әлемдегі ең бай адамдардың онлайн рейтингінде Маск дәулеті 982,6 млрд долларға бағаланған. Оның байлығы аз уақыттың ішінде 12,6 млрд долларға, яғни 1,30%-ға артқан.

Америкалық Илон Маск жеті компанияның құрылтайшысы. Олардың арасында электромобиль өндіруші Tesla, зымыран шығарушы SpaceX, жасанды интеллект саласындағы xAI стартапы бар.

Оңтүстік Африка Республикасында дүниеге келіп, АҚШ-қа көшкен кәсіпкерді байлық көлемінен әзірге ешкім қуып жете алмайды. Дәулеттілер рейтингінде екінші тұрған Ларри Пейдждің (Google) 292,7 млрд доллары, ал үшінші орындағы Сергей Бриннің (Google) 270 млрд доллары бар.

IPO тарихында теңдессіз нәтиже көрсеткен SpaceX акциялары тағы біршама көтерілсе, Маск ең алғашқы триллионер атанады. Тарихи оқиға бірнеше күнде немесе аптада жүзеге асуы әбден мүмкін.