«Халық жауы атандым»: Асаубаева қазақ тіліне қатысты сынға жауап берді

Шахматтан үш дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаева қазақ тілін білмегені, өзге елдің атынан ойнағаны үшін сынаушыларға жауап берді.
Министрлік құны көк тиын
22 жастағы Бибісара Асаубаева мен спорт министрлігі арасында текетірес жүріп жатқан уақытта, әлеуметтік желілерде дауласушы қос тарапқа қарсы сын көбейді.
«Threads-ті оқыдым. Енді мені көпшілігі халық жауына жатқызғанға ұқсайды…», – деп мұңайды желідегі «хейттен» шаршаған шахматшы.
Асаубаева жеке парағына жасалған шабуылдардың артында министрлік тұр деп есептейді.
«Шахмат маңызды емес деп есептейтін министрлік парақшама бот жаудырудан басқаға қауқарсыз болса, оның құны көк тиын«, – деп сынады мінезді спортшы.
Ол әсіресе отандастары тарапынан қолдау аз болғанына қынжылды.
Ресей атынан ойнау себебі
Асаубаеваға мін тағушылардың дені оның жарыстарға үш жыл бойы Ресей атынан қатысқанын алға тартып жүр. Соны байқаған шахматшы себебін түсіндіріп өтуді жөн деп тапты.
«Мені Ресей атынан өнер көрсеткенім үшін жиі сынайды. Рас, 12 жастан 15 жасқа дейін сол елдің атынан шықтым, бірақ негізгі жетістіктер басталғанға – 2019 жылға дейін елге оралдым», – деп ақталды Бибісара.
Ол Қазақстан азаматтығын ешқашан ауыстырмағанын, спортта ғана көрші ел атынан жарысқанын ерекше атап өтті.
«Мен Қазақстан азаматтығын алмастырған емеспін. Спортта өзге елдің атынан шығуыма қаржылай қолдау емес, менің дамуымды бұғаттаған (ол президент әкімшілігінде істеді) туысқан ағам себеп болды. Ол қызметінен кеткен бойда біз елге қайта оралдық», – деп түсіндірді Асаубаева.
Қазақ тілі туралы
Бұған дейін ана тілін үйренгісі келетінін айтқан Бибісара сын үдеген сайын ықыласы да бәсеңдей беретінін жасырмады.
«Қазақ тіліне келетін болсақ, Telegram-арнама жазылғандар жұмыс кестесінің аса тығыз екенін көріп отыр. Желтоқсаннан бері 12-15 күн ғана үйде болдым. Соған қарамастан жаттығу жиындары кезінде де тіл үйрендім. Бірақ қазіргідей жеккөрушілік пен хейттен кейін ықыласым әр кез азая түседі», – дейді ол.
Спорттағы жанжал
Естеріңізге сала кетейік, әлемнің әйел шахматшылары рейтингінде бесінші орында тұрған Бибісара Асаубаева жалақысы үш есе – 300 мың теңгеге дейін қысқарып қалғанын айтып, осы аптада президенттен көмек сұраған. Артынша – 10 маусымда спорт министрлігі шұғыл брифинг ұйымдастырып, шахмат басымдыққа ие спорт түрі еместігін мәлімдеген. Вице-министр Серік Жарасбаев топ спортшылар өздеріне ерекше қарым-қатынасты талап етіп, «тым қатты еркелеп кетті» деген.
Ертесіне – 11 маусымда Асаубаева билік сынына жауап беріп, спорт министрлігін «бағытынан адасты» деп сынаған. Осы тұста әлеуметтік желілерде шахматшыларға сын айтушылар күрт көбейді. Бибісараны жақтаушылар да жоқ емес. Мәселен, Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов шахматшының үлкен саясатқа жаңадан қосылған министрге жауабына тамсанып, Асаубаеваны саяси партиялардың бірінде көргісі келетінін ашып айтқан.