Трамп: АҚШ пен Иран соғысты аяқтауға келісті

Жарияланды
Business news бөлімінің аға журналисі
Дональд Трамп
фото: REUTERS/Daniel Heuer

Президент Дональд Трамп АҚШ пен Иран соғысты аяқтауға келіскенін мәлімдеді. Алайда Тегеран мәліметті ресми түрде растауға асығар емес.

«Естіген шығарсыздар, бүгін біз Иранмен арадағы соғысты аяқтадық. Олар ешқашан ядролық қару иемденбеуге келісті. Біздің де талабымыз осы», – деп мәлімдеді Трамп. Ол Джорджия вице-губернаторы Берт Джонсты қолдауға келген уақытта осылай деді. Ақ үй қожайынының айтқандарын CNN телеарнасы таратты.

Осының алдында ғана Трамп Иранды атқылауды бір күнге тоқтатқанын Truth Social әлеуметтік желісіне жазған.

«Келісімге қол қойылатын күн мен орын жақында жарияланады», – дейді Трамп.

Дегенмен Тегеран соғыс аяқталғаны туралы мәліметті ресми түрде растауға асығар емес. Иран сыртқы істер министрлігінің өкілі Исмаил Багаи қандай да бір келісім бойынша түпкілікті шешім әлі қабылданбағанын мәлімдеген. Дегенмен дипломат Қатар мен Пәкістан дауласып қалған екі елді татуластыру үшін арағайындық қызметін атқарып жүргенін айтты.

Ирандағы соғыс 2026 жылғы 28 ақпанда басталған. Сол күні АҚШ пен Израиль күштері осы елдің әскери нысандары мен инфрақұрылымын атқылаған. Артынша Тегеран Таяу Шығыс елдеріндегі америкалық әскери базаларға, сонымен бірге Израильге қарымта соққы жасауға көшті. Соғыс оты осылайша тұтанды.

Сондай-ақ оқыңыз