
Қазақстанның халық әртісі, аңызға айналған әнші Нұрғали Нүсіпжанов жүрегіне жасалған күрделі отадан кейін әлеуметтік желіде алғаш рет жазба жариялап, ішкі ой-толғамымен бөлісті. Өнер иесі бұл жағдайды өмірдің үлкен бір сынағы деп қабылдағанын жеткізді.
«Өмір – сынақ»: Маэстроның отадан кейінгі ой-толғауы
Нұрғали Нүсіпжанов өз жазбасында өмірдің қиын сәттерінде сабыр сақтап, тағдырдың соққысына төтеп берудің маңыздылығын атап өткен.
«Отадан кейінгі ой-толғам… Бұл өмір – сынақ… Біреулер сол сынақты жылап көтерсе, екіншілер шыдап көтереді… Тағдыр жолым тақтайдай тегіс емес екенін жалпақ жұртқа жария етпесем де көп жайтты елдің іші сезеді… Көкірегіне күйік толған – кейде жанған, кейде тоңған адаммын», — деп ағынан жарылды әнші
Екінші өмір сыйлаған дәрігерлерге алғыс
Халық әртісі Алматы қаласындағы Кардиоорталықтың дәрігерлеріне ерекше ризашылығын білдіріп, олардың кәсібилігіне жоғары баға берді. Өзіне екінші өмір сыйлаған кардиохирургтер мен медицина мамандарының есімдерін атап, ақ батасын берді.
«Отаның оңайы жоқ, жүрегіме операция жасап, киелі сахнаңызға барып сағыныш мауқыңызды басыңыз, Аға, деп маған екінші өмір сыйлаған медицинаның сайыпқырандары Ермағанбет Қуатбаев, Артур Абдимомынов пен Азамат Наурушевке ақ басымды иіп тұрып, алғыс-рахметімді айтамын… Алматымен бірге жасап келе жатқан Кардио Орталық жаңғыра берсін, жандана берсін», – деді Нұрғали Нүсіпжанов.
Жазба соңында маэстро өзінің денсаулығы үшін тілеулес болып, батасын берген барша ағайын-жұртқа, қалың көпшілікке қарыздар екенін жеткізді. Желі қолданушылары мен өнердегі әріптестері оның ішінде Мейрамбек Бесбаев және т.б. әншінің тезірек сауығып, сахнаға оралуына тілектестік білдіріп жатыр.