Қоғам

Әсет Матаев ҚазТАГ-та шыққан Freedom туралы материалдарға қатысы жоқ екенін айтты

Келесі сот отырысы 22 маусымда өтеді/фото: Kursiv.Media

Алматыда «ҚазТАГ» пен «Фридом Финанс» ісі бойынша сот процесі өтіп жатыр. Үзіліс кезінде «ҚазТАГ» бас директоры Әсет Матаев қылмыстық іске себеп болған сайттағы материалдарға қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Сондай-ақ «Фридом Финанспен» медиация арқылы келісімге келу-келмеуді «ҚазТАГ» бас редакторы Әмір Касенов шешетінін мәлімдеді.

Бұған дейін «Фридом Финанс» 6 маусымда іскерлік беделді қорғауға байланысты дауды медиация арқылы реттеуге дайын екенін қайтадан мәлімдеді. Компания материалдық шығынды өндіруді талап етпейтінін атап өтті.

«Бұл іске ешқандай қатысым жоқ. Материалды мен шығарған жоқпын», – деп жауап берді Әсет Матаев.

Айта кетейік, сот процесі барысында «ҚазТАГ» бас редакторы Әмір Касенов өзіне тағайындалған бұлтартпау шарасы талаптарын бұзғаны үшін сот залында қамауға алынды.