Алматыда «ҚазТАГ» пен «Фридом Финанс» ісі бойынша сот басталды

Жарияланды 15 Маусым 2026 09:57

Торғын Қабен

Торғын Қабен

Алматыда "ҚазТАГ" пен "Фридом Финанс" ісі бойынша сот басталды
фото: Айгерім Таубай

15 маусым күні сағат 9:30-да Алматының Алмалы аудандық сотында «ҚазТАГ» ХАА мен «Фридом Финанс» брокерлік компаниясының ісіне қатысты сот процесі басталды. Жауапкерлер орындығында «ҚазТАГ» бас редакторы Әмір Қасенов, басылымның бас директоры Әсет Матаев, Астана тұрғыны Жанна Қапарова және «Malim Media» құрылтайшысы Уәлихан Рамазанов отыр. Айыпталушыларға көрінеу жалған ақпарат тарату, бұзақылық және міндеттерге ұқыпсыз қарау баптары бойынша айып тағылып отыр.

Бастапқыда сот процесі 11 маусымға белгіленген. Алайда судья Ернар Қасымбеков айыпталушылар Әмір Қасенов пен Жанна Қапарованың отырысқа келмеуіне байланысты процесті 15 маусымға ауыстырды.

Кейінірек Алматы соты әлеуметтік желілерде сот талқылауына қатысу айыпталушылардың процестік міндеті екенін түсіндірді. Сотқа дәлелді себептерсіз келмеу істі қарауға кедергі келтіреді және сот талқылауын созбаққа салады.

«Қылмыстық-процестік заңнаманың талаптарына сәйкес, айыпталушылар дәлелді себептерсіз келмеген жағдайда, сот олардың сот отырысына міндетті түрде қатысуын қамтамасыз ету мақсатында заңда көзделген процестік мәжбүрлеу шараларын, соның ішінде мәжбүрлеп әкелуді қолдануға құқылы. Күзетпен ұстаудан басқа бұлтартпау шарасы қолданылған айыпталушылардың дәлелді себептерсіз келмеуі бұлтартпау шарасын неғұрлым қатаң шараға өзгерту үшін негіз болуы мүмкін», – делінген хабарламада.

«Фридом Финанс» 6 маусымда іскерлік беделді қорғауға байланысты дауды медиация арқылы реттеуге дайын екенін қайтадан мәлімдеді. Компания материалдық шығынды өндіруді талап етпейтінін атап өтті.

Аға прокурор Мөлдір Қанысова Қазақстан заңнамасында сот талқылауының кез келген кезеңінде тараптардың татуласу мүмкіндігі қарастырылғанын еске салды. Егер редакция медиативтік келісім жасасудан бас тартса, істі қарау заңда белгіленген тәртіппен жалғасады.

«Фридом Финанс» брокерлік компаниясының мүддесін қорғайтын адвокат Назерке Ризабекова «Курсив» басылымына жағдайға қатысты түсініктеме беріп, құқықтық ұстанымды, жанжалдың мән-жайын және тараптардың ықтимал татуласу шарттарын баяндады.

Еске сала кетейік, 2025 жылы «ҚазТАГ» агенттігі «Фридом Финанс» пен оның негізін қалаушы Тимур Турловтың қызметі туралы 250-ден астам материал жариялаған. Бұл материалдарда алаяқтық, қаржы пирамидасы және клиенттердің қаражатын сыртқа шығару туралы мәлімдемелер болған. Жарияланымдарға компания клиенттерінің, соның ішінде зейнеткер Қарлығаш Қапарованың бұрынғы қызметкер Темірлан Бековты ақша жымқырды деп айыптаған арыздары басты себептердің бірі болды. Кейінірек Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаменті қылмыс құрамының болмауына байланысты Бековқа қатысты қылмыстық істі тоқтатты.

Тергеу барысында клиент Бековтың жұмыстан шыққанын біле тұра, оған өзінің есептік деректеріне кіру мүмкіндігін өз еркімен бергені анықталды. Сондай-ақ, олардың арасында пайданың 20%-ын төлеу туралы келісім болғаны белгілі болды, бұл брокердің ішкі ережелеріне қайшы келеді. Бұдан бөлек, мәмілелерді клиенттің өзі SMS-кодтар арқылы растап отырған. «Фридом Финанс» осы жарияланымдардың пайда болуын компанияның дауды соттан тыс реттеуден бас тартқаннан кейін туындаған жанжалмен байланыстырды. 2026 жылдың ақпанында Алматының Медеу аудандық соты брокердің іскерлік беделді қорғау туралы талап-арызын қанағаттандырып, агенттікке шындыққа жанаспайды деп танылған мәліметтерді теріске шығаруды міндеттеді.

2025 жылдың желтоқсанында «ҚазТАГ» бас директоры Әсет Матаев пен бас редактор Әмір Қасенов көрінеу жалған ақпарат тарату ісі бойынша күдікті деп танылды. Кейінірек Қасенов Астанадағы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ол психологиялық қысым мен азаптаулар туралы мәлімдеді, алайда құқық қорғау органдары тергеу әрекеттері заңнамаға сәйкес жүргізілгенін хабарлады.

2026 жылдың наурызында Матаев Алматыдағы жанжалдан кейін тағы бір қылмыстық істің фигуранты атанды. Полицияның мәліметінше, 18 наурызға қараған түні ол танысымен бірге мас күйде төбелес шығарып, өтіп бара жатқан адамдарға тіл тигізген, автокөлікті зақымдаған. Сот бастапқыда бұзақылық ісі бойынша екі айға қамауға алуға санкция берді, бірақ кейіннен бұлтартпау шарасы үй қамағына ауыстырылды. Кейінірек Матаевтың адвокаты оның бұл эпизод бойынша тергеуге ешқандай шағымы жоқтығын және күзетте болған уақытта оған заңсыз ықпал ету әдістері қолданылмағанын мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз