Астана жылыту маусымына дайындала бастады

Астана әкімі Жеңіс Қасымбек қаланың жылыту маусымына дайындығы туралы хабарлады, деп хабарлайды елорда әкімдігі.
Қала басшысының айтуынша, Астанадағы жылыту маусымы орта есеппен жеті айға созылады. Ол күзгі-қысқы кезеңнен кедергісіз өту елорданың тыныс-тіршілігін қамтамасыз етудегі басты мәселелердің бірі екенін атап өтті. Сондықтан инженерлік инфрақұрылымды жөндеу және жаңғырту жұмыстары әлі сәуір айында басталған.
«Дайындық аясында мынадай жұмыстар атқарылуда: «Астана-Теплотранзит» АҚ желісі бойынша ұзындығы 7,5 шақырым болатын жылу желілеріне күрделі жөндеу және реконструкциялау жүргіземіз, «Астана-Энергия» АҚ бойынша үш қазандықты, турбинаны, трансформаторды, екі су жылыту қазандығын және қосалқы жабдықтарды күрделі жөндеуден өткіземіз», – деп жазды Қасымбек Instagram парақшасында.
Сондай-ақ қалада ЖЭО-2-де екі қосымша су жылыту қазандығын және Тельман газ жылыту станциясының үшінші кезеңін салу басталды.
«Бұл ГЖС Бағыстан ауданын, сондай-ақ сол жағалаудың бір бөлігін орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл қазандықтың қуаты 620 Гкал/сағатты құрайды. Сонымен қатар, «Тұран» ГЖС-нен жылу бұру желілерін салу жұмыстарын аяқтап жатырмыз», – деп толықтырды әкім.
Қасымбек елордада бұған дейін «Оңтүстік-Шығыс» және «Тұран» газ жылыту станцияларының бірінші кезегі салынып, пайдалануға берілгенін еске салды. Оның айтуынша, қаланың қарқынды дамуын ескергенде, Астананың энергетикалық инфрақұрылымында сенімділік қоры бар.
Бұдан бөлек, елордада электр желілері инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасуда. Билік жалпы ұзындығы 67,4 шақырым әуе және кабель желілерін, сондай-ақ 68 тарату пунктін, трансформаторлық және кешенді трансформаторлық қосалқы станцияларды жөндеуді жоспарлап отыр.
Сондай-ақ, Астанада 110/20 кВ «Қабанбай батыр» қосалқы станциясын салу басталды.
«Бұл жобаны іске асыру жаңа мешіт ауданын, «Пригородный» тұрғын алабын және басқаларын сенімді және үзіліссіз электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Мысалы, 2025 жылы «Арай» қосалқы станциясы, 4 тарату пункті және 2 трансформаторлық қосалқы станция пайдалануға берілді», – деп түйіндеді Қасымбек.
Айта кетейік, былтыр Астанада жылыту маусымы 28 қыркүйекте басталған еді.