Балқаш қаласында зейнеткер алимент өндіру үшін қызын сотқа берді

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
зейнеткер алимент өндіру үшін қызын сотқа берді/ фото: Shutterstock

Балқаш қаласының тұрғыны ай сайын күтіміне алимент өндіру үшін қызын сотқа берген. Бұл туралы ҚР Жоғарғы соты хабарлады.

Зейнеткер сотқа күнделікті тұрмыс пен дәрі-дәрмек сатып алуға қаражат қажет екенін, қызы материалдық көмек көрсетпейтінін айтқан.

«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекстің 145-бабына сәйкес, кәмелетке толған балалар еңбекке жарамсыз және көмекке мұқтаж ата-аналарын асырауға міндетті.

Алайда Қарағанды облысының Балқаш қалалық соты талап қоюшы ай сайын 128 229 теңге көлемінде зейнетақы алатынын, сондай-ақ оның екі қабатты тұрғын үйі мен Mitsubishi Montero Sport автокөлігі бар екенін анықтаған.

Қызы талап қоюмен келіспей, жалғыз өзі екі баланы тәрбиелеп отырғанын, олардың әкесінен алимент алмайтынын және сатушының көмекшісі болып жұмыс істеп, айына 85 мың теңге жалақы алатынын түсіндірген.

«Әкем материалдық көмекке мұқтаж емес, өйткені ол коттеджде жалғыз тұрады, автокөлігі бар, зейнетақы алады және дәрігерлер оған тек дәрумендер ғана тағайындаған», – деді қызы.

Сот талап қоюшы көмекке мұқтаж адамдар санатына жатпайтынын атап өтті.

Зейнеткер емделуге тұрақты шығындарының бар екенін, үздіксіз күтімді қажет ететінін айтқан. Алайда қолындағы қаражаттың негізгі өмірлік қажеттіліктерін өтеуге жеткіліксіз екенін растайтын сенімді дәлелдеме ұсынбаған.

Сонымен қатар оған ұлы материалдық көмек көрсететіні анықталған.

Сот сондай-ақ талап қоюшының зейнетақы мөлшері ең төменгі жалақыдан жоғары екенін, тараптар арасында бұрыннан қалыптасқан келіспеушіліктер бар екенін ескерген. Соттың пікірінше, талап қоюдың негізгі себептерінің бірі де осы жағдай болған.

Тараптардың мүдделерінің теңгерімін сақтауды назарға ала отырып, сот талап қоюды қанағаттандыруға негіз жоқ деген қорытындыға келген.

Сот шешіміне шағым түспей, заңды күшіне енді.

Айта кетейік, елде алимент төлеушілердің қарызы 18 млрд теңгеге жетті.

Сондай-ақ оқыңыз