Мұхаммед Әли мен Тайсонмен бір қатарда: Головкин Даңқ залына енді

Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің және World Boxing ұйымының президенті, аңызға айналған боксшы Геннадий Головкин ресми түрде Халықаралық бокстың Даңқ залына (IBHOF) енді. Салтанатты рәсім Америка Құрама Штаттарында өтті.
Геннадий Головкин бұл мәртебеге ие болған тұңғыш қазақстандық боксшы.
GGG кәсіпқой рингке шықпас бұрын әуесқой бокста феноменалды нәтижелер көрсетті: 350 жекпе–жек өткізіп, оның 345-інде жеңіске жеткен. 2003 жылы Әлем чемпионы атанды. 2004 жылы Афины Олимпиадасының күміс жүлдесін иеленді. Сондай-ақ, оның қоржынында Азия чемпионаты мен Азия ойындарының алтын медальдары бар.
Кәсіпқой рингтегі үстемдік пен рекордтар
Кәсіпқой рингте Головкин XXI ғасырдағы орта салмақтың ең табысты әрі ең қауіпті чемпиондарының біріне айналды.
Мансабында жалпы 45 жекпе–жек өткізіп, оның 42-сінде жеңіске жеткен. Тіпті, осы жеңістерінің 37-сін нокаутпен аяқтаған. Боксшы WBA, WBC, IBF және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атанып, сондай-ақ беделді The Ring журналының чемпиондық белбеуін иеленді.
Головкиннің қатарынан 23 нокаутпен аяқталған жеңісті сериясы орта салмақ тарихындағы ең үздік көрсеткіштердің бірі ретінде бағаланады. Бұдан бөлек, ол өзінің чемпиондық атағын 21 рет сәтті қорғап, дивизион тарихындағы ең маңызды рекордтардың бірін орнатты.
Айта кетейік, бұған дейін Генадий Головкин Моңғолияның жоғары марапатына ие болған еді.