NVIDIA мен Қазақстан ЖИ жобаларын дамыту үшін 10 млрд доллар келісімге келді

Қазақстан жасанды интеллект саласын дамыту үшін американдық Firebird стартапы және NVIDIA компаниясымен құны 10 миллиард доллар болатын келісімге қол қойды.
Бұл қаражатқа Екібастұзда «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» (ірі компьютерлік орталықтар кешені) салынады. Қазақтелеком» басшысы Бағдат Мусиннің мәлімдеуінше, жоба үшін 1,4 мың гектар жер телімі бөлінген. Инфрақұрылым халықаралық Tier III стандартына сәйкес келеді деп келмек.
Оған заманауи жасанды интеллект жүйелері жұмыс істеуі үшін қажетті ең соңғы үлгідегі 100 мың дана NVIDIA графикалық чиптері (процессорлары) сатып алынады.
Ірі жоба екі кезеңнен тұрады:
- Бірінші кезеңде 5 миллиард доллар жұмсалады. Оның 1 миллиард долларын мемлекеттік «Қазақтелеком» компаниясы бөледі. Бұл бөліктің құрылысы 2027 жылы аяқталып, нысан іске қосылуы тиіс. Осы мақсатта «Қазақтелекомның» еншілес компаниясы AIX биржасында 1,2 миллиард долларлық бағдарлама аясында 41,5 миллион доллардың алғашқы облигацияларын шығарып үлгерді.
- Екінші кезеңде қалған 5 миллиард доллар инвестиция салынады, оның мерзімі кейінірек нақтыланады.
Жобада міндеттер былай бөлінген: Firebird компаниясының Қазақстандағы бөлімшесі жасанды интеллектіге арналған есептеу инфрақұрылымын орнату және оны қаржыландыруды өз мойнына алады.
Ал «Қазақтелеком» орталықтарды электр жарығы, салқындату жүйесі және интернет байланысымен қамтамасыз етеді.
NVIDIA компаниясы болса жобаны жобалауға көмектесіп, өзінің чиптері мен технологияларын жеткізеді. Бұған қоса, Қазақстанның Цифрлық даму министрлігі мен Firebird компаниясы Alem ai базасында жаңа зертхана ашуға уағдаласты.
Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің айтуынша, бұл жоба Қазақстанның кең жерін, арзан электр қуатын және Азия мен Еуропа арасындағы тиімді орналасуын пайдаланып, елді әлемдік цифрлық орталыққа айналдыруды көздейді. Осы мақсатта интернет сапасын арттыру үшін Каспий теңізінің түбімен Әзербайжанға қарай оптоталшықты кабель де тартылып жатыр.
Министр Жаслан Мадиевтің есептеуінше, бұл жоба іске қосылғаннан кейін Қазақстанға жыл сайын кемінде 3 миллиард доллар табыс әкеледі. Сонымен қатар жаңа жұмыс орындарын ашып, елді Еуразияның басты цифрлық торабына айналдыруға мүмкіндік береді.
Firebird — АҚШ-та құрылған, негізін армян кәсіпкері қалаған жасанды интеллект стартапы. Олар дәл осындай суперкомпьютер жобасын NVIDIA-мен бірге Арменияда да жүргізіп жатыр және өткен жылы ол жаққа американдық чиптерді экспорттауға АҚШ үкіметінен ресми рұқсат алған.