Lifestyle

Шоқан Уәлиханов туралы фильмді Астана іргесіндегі ауылда түсіріп жатыр

Шоқан Уәлиханов рөлін сомдайтын актер Ерлан Құлмурзин
Шоқан рөлінде ойнайтын Ерлан Құлмурзин / видеодан скриншот: Instagram/Maya Bekbayeva

Астана қаласының іргесіндегі Тайтөбе ауылында Шоқан Уәлиханов туралы деректі көркем фильм түсіріп жатыр. Жоба авторы, продюсер Майя Бекбаева түсіру алаңынан бірнеше видео жариялады.

Тайтөбе ауылы Ақмола облысының Қосшы қалалық әкімдігіне қарасты аумақ. Ауылдың дәл іргесінде Қарақоға көлі орналасқан. Бекбаева жариялаған видеоларға қарағанда, түсіру тобы осы көлдің маңында жұмыс істеп жүр.

Шоқан Уәлиханов туралы фильмді Тайтөбе ауылында түсіріп жатыр
Қарақоға көлі маңында фильм түсіріп жатыр / видеодан скриншот: Instagram/Maya Bekbayeva
Шоқан Уәлиханов туралы фильмді Тайтөбе ауылында түсіріп жатыр
Түсіру тобы / видеодан скриншот: Instagram/Maya Bekbayeva

«Бүгін біз Тайтөбедеміз. Фильм түсіру жалғасып жатыр. Аттар да, тазы итте осында жүр», – деді әлеуметтік желіге шағын видео жүктеген Бекбаева.

Түсіру алаңында Шоқан рөлінде ойнайтын Ерлан Құлмурзин де жүр. Салт атты актер үстіне әскери мундир киген.

Айта кетейік, бұған дейін түсіру тобы Өзбекстанда жұмыс істеген. Шоқанның Қашқарияға сапары Бұхара қаласында түсірілген.

Естеріңізге сала кетейік, қазақтың біртуар ғалымы әрі ағартушысы Шоқан Уәлиханов туралы фильмге түсетін актерлер құрамы маусымның басында жарияланған. Бекбаева «армандағы топ» деп атаған ұжымда Бақтияр ҚожаМеруерт Өтекешова сынды жұлдыздар бар.

Алайда көпшілік басты рөлге бекітілген Құлмурзинді әлеуметтік желілерде талқылап, 28 жастағы жігітті Уәлихановқа ұқсата алмаған. «Шоқанның атқосшысы» деп сынаушылар да табылған. Артынша продюсер Бекбаева дәл осы актерді не себепті таңдағанын түсіндірген.