Зейнетақы қорындағы қаржы 4 айда 171 млрд теңгеге кеміген

2026 жылдың төрт айында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) жалпы активтері 171 млрд теңгеге азайып, 1 мамырға қарай 25,72 трлн теңгені құрады. Жыл басынан бері қордың инвестициялық кірісі теріс мәнде қалыптасып, -2,4 млрд теңге болды. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің есебінде жазылған.
Оған инвестициялық қызметіндегі уақытша шығын мен халықтың өз жинағын мерзімінен бұрын көптеп алуы себеп болған.
Дегенмен эұмыс істейтін азаматтардың ай сайынғы жарналары есебінен адамдардың жеке шоттарындағы номиналды жинағы 499 млрд теңгеге өсіп, 25,71 трлн теңгеге жетті. Қазір зейнетақы жинақтарының көлемі мемлекеттің ЖІӨ-не шаққанда 15,8 пайызды құрап отыр.
Қордағы ақшаның азаюына халықтың жинақталған қаражатты баспана алу және емделуге ішінара шешіп алу процесі қатты әсер еткен.
Өйткені тек осы төрт айдың ішінде жалпы төлемдер 522,7 миллиард теңгеге артып, жалпы 10,17 триллион теңгеге жеткен.
Осы уақытқа дейін қазақстандықтар үй жағдайын жақсартуға 4,83 триллион теңге, емделуге 1 триллион теңгеден астам қаражат жұмсаса, тағы 1,42 триллион теңгені сақтандыру компанияларына аударған.
Бұған қоса, қолданыстағы ереже бойынша бұрын әскерилер мен құқық қорғау органдары қызметкерлері үшін бюджеттен аударылған зейнетақы жарналарының жартысын мемлекетке кері қайтару процесі жүріп жатыр, бұл қайтарылған сома қазірдің өзінде 150 миллиард теңгеден асты.
Міндетті жарна аударушылардың шот саны 11,3 миллионнан асқан, ал қауіпті жұмыста істейтіндердің шоты 776 мыңға жетіп, өз еркімен ақша қосатындардың саны керісінше 457 мыңға дейін азайды.