Айсәуле Қанаханың жұмбақ өлімі: көпшілік пәрменімен тергеуде сең қозғалды

Баспасөз бен белсенді азаматтардың пәрменінен кейін ғана Айсәуле Қанаханың өліміне қатысты тергеуде сең қозғалды. Жәбірленушінің ақшасын алаяқтардың шотына аударуға көмектескен дропперлер тергеліп, полиция енді ғана нағыз қылмыскерлердің ізіне түсті.
Полиция күдіктілер ізіне түсті
Астана қаласының 20 жастағы тұрғыны Айсәуле Қанаханың жансыз денесі 2026 жылғы 1 сәуірде Есіл өзені жағалауынан табылған. Марқұмның әкесі Саябек Қанаха содан бері екі жарым ай өткенде ғана тергеу ілгері жылжығанын мәлімдеді.
Мәселен, жәбірленушінің ақшасын алаяқтардың шотына аударуға көмектескен дропперлер (қаржылық делдалдар) табылып, олардан жауап алынған.
«Дропперлердің нақты не дегенін айта алмаймын – тергеу құпиясы. Ақшаның бірінші буындағы дропперлерден қайда кеткені белгілі болды. Қылмыскерлер анықталып жатыр«, – деді Саябек Қанаха Kursiv.Media тілшісіне.
Дроппер – алаяқтар ұрлаған қаражатты өз шоттары арқылы өткізіп, оны әрі қарай өткізуші тұлға. Солардың кім екенінің анықталуы Айсәуле өліміне қатысты тергеуге тың серпін берді. Енді, дропперлерден алынған жауаптар негізінде, полиция басты қылмыскерлерге шыға алады.
«Қазір банкоматтар арқылы алынған келесі транзакциялар тексеріліп жатыр. Басқа да тергеу әрекеттері жүргізілуде», – дейді марқұмның әкесі.
Істі тәжірибелі тергеушілер алды
Саябек Қанаха қылмыстық істің Есіл аудандық полиция басқармасынан Астана қаласы полиция департаментіне – тәжірибелі тергеушілер өндірісіне берілгенін айтты. Бұған қоса, «Кибералаяқтық» және «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» баптары бойынша істер бір өндіріске біріктірілгені мәлім болды. Айсәуленің әкесі нағыз ұйымдастырушылар анықталып, жауапқа тартылады деп үміттенеді.
Естеріңізге сала кетейік, шамамен бір ай бұрын Саябек Қанаха полиция іске салғырт қарады деп мәлімдеп, көпшіліктен қолдау сұраған. Өйткені марқұмның туыстары тергеушілердің 20 жастағы Айсәуле «өзіне қол жұмсады» деген нұсқасына сенбейді. Себебі мәйіт табылған кезде марқұмның басына целлофан қалта кигізілгені анықталған.
Интернет-алаяқ қармағына ілігіп, артынша жұмбақ жағдайда өмірден өткен Айсәуленің қазасы туралы мәліметтер баспасөзде бір айдан көп уақыт кешігіп шыға бастады. Белгілі болғандай, студент қыз әлдебіреулердің арбауына түсіп, қомақты ақшаны солардың нұсқауымен белгісіз шоттарға аударып жіберген.