Аттракцион астында қалған жігіт: оқиғаның егжей-тегжейі белгілі болды

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
Аттракцион астында қалған жігіт: оқиғаның егжей-тегжейі белгілі болды / Фото: Shutterstock

Қызылордадағы «Арай» саябағының басшылығы аттракционда 18 жастағы жігіт аяғынан айырылған қайғылы оқиғаның мән-жайын хабарлады, деп хабарлайды «31 арна».

«Сыр самалы» ЖШС директорының орынбасары Ғани Тұрсекеев зардап шеккен жігіттің саябақта аттракцион операторы болып жұмыс істегенін айтты.

«Біздің қызметкер, оператор жігіт аттракционның қоршауынан ішке кірген. Ол неліктен онда барғанын әлі анықтаған жоқпыз, оны тексеруші органдар анықтап жатыр. Қауіпсіздік техникасы ережелеріне сәйкес, аттракцион жұмыс істеп тұрған кезде, оған кіруге қатаң тыйым салынады», – деді директордың орынбасары.

Алдын ала мәлімет бойынша, қызметкер жылап тұрған баланы жұбату үшін «Америкалық төбешіктерге» жақындаған. Сол сәтте кабинка жігіттің аяғын қысып қалған.

Оқиғадан кейін саябақтың аттракциондары бар аумағы жабылды.

Зардап шеккен жас жігіттің медициналық колледжде оқитыны, саябаққа жазғы демалыста қосымша табыс табу үшін орналасқаны белгілі болды.

Бұған дейін жігіттің аяғына ампутация жасалғанын жазған едік. Оның жағдайы ауыр, жансақтау бөлімінде жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз