Қазақстандағы ең «парақор» өңірлердің тізімі жарияланды

2026 жылдың алғашқы бес айының қорытындысы бойынша Қазақстанда парақорлық баптары бойынша 427 қылмыстық іс тіркеліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,7%-ға артық болып отыр.
Finprom деректеріне сәйкес, өңірлер бөлінісінде көрсеткіш әртүрлі. Кейбір облыстарда «Пара алу», «Пара беру» және «Парақорлыққа делдал болу» баптары бойынша істердің айтарлықтай өскені байқалса, басқаларында азайғаны көрінеді.
2026 жылдың қаңтар-мамыр айларында Астана қаласы парақорлық ісі бойынша көш бастап тұр. Жоғарыда аталған баптар бойынша елордада 56 іс тіркелген. 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда елордада парақорлық 21,7%-ға өскен.
Қостанай облысы парақорлыққа қатысты тізімде екінші орында тұр. Өңірде қылмыс 3,5 есеге, яғни бес айда 38 іске дейін артқан.
Алматы қаласы антилидерлер тізімінде үшінші орынға шықты. Қалада 2026 жылдың бес айында 32 іс тіркеліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,3% өсім көрсетіп отыр.
Мұндай қылмыстық істер ең аз тіркелген облыстардың қатарында Абай (1 іс), Ақмола (2 іс) және Батыс Қазақстан (7 іс) облыстары бар.
Парақорлықтың ең жоғары өсім қарқыны Алматы (4 есе), Қызылорда (66,7%-ға) және Жамбыл (61,1%-ға) облыстарында тіркелді.
Алайда бірқатар өңірде парақорлық баптары бойынша тіркелген істер санының айтарлықтай азайғаны байқалады. Әсіресе Солтүстік Қазақстан (2,1 есе аз), Павлодар (2,4 есе аз), Батыс Қазақстан (2,6 есе аз) және Ақмола (13 есе аз) облыстарында көрсеткіштің айқын төмендеуі байқалды.
Жемқорлар көбіне қандай мерзімге сотталады?
«Пара алу» бабы бойынша бас бостандығынан айыру жазасы кесілген сотталушылардың тең жартысы 5 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге темірторға қамалады. Былтыр пара алған 58 адамның 27-сі дәл осындай мерзімге сотталды.
Ал әрбір бесінші жемқор 3 жылдан 5 жылға дейінгі мерзімге торға тоғытылады. Ал ең ұзақ мерзім – 10 жылдан 12 жылға дейін.
2025 жылы 312 адам пара алу күдігіне іліксе, оның 239-ы сотқа тартылды. Осы кезеңде аталған бап бойынша 188 адам сотталды, оның ішінде 128 адамға айыппұл салынды, ал 58 адам нақты түрме жазасына кесілді.
Айта кетейік, бір айда жемқорлық істері бойынша мемлекетке 1,5 млрд теңге залал келген еді.