Сеулде модельдер мен роботтар қатар сән көрсетті

Оңтүстік Корея астанасы Сеулде футуристикалық сән көрсетілімі өтті. Онда кәдімгі модельдермен қатар адам тәрізді роботтар да сахнаға шықты деп жазады Reuters.
«Galaxy Corporation» ойын-сауық компаниясы ұйымдастырған шарада дизайнерлік киім киген роботтар жұртшылық алдына шығып, би билеп, тіпті өзара бокстасты. Роботтар мен адамдар сахнада бірге өнер көрсеткені шараға келген көрермендер үшін де тосынсый болды.


Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрсетілімнің мақсаты – адамдар мен роботтардың болашақта әлдеқайда тығыз араласып өмір сүретінін көрсету. «Galaxy Corporation» компаниясының бас директоры Чхой Ён-хо болашақта сән үлгілері екі тарапқа да ортақ болатын әлемді елестететінін айтады. Яғни оның сөзінше, адамдар роботтардың образдарынан шабыт алса, роботтар адамдар үшін жасалған стильді киімдерді киетін болады.
Бұған дейін LG адамды алмастыратын роботтар шығармақшы екенін жазған едік. Оларды тұрмыста да, өндірін орындарында да пайдалануға болады.