Теміржол билеттерінің құны неліктен қымбаттап кетті – ҚТЖ жауап берді

«Қазақстан темір жолы» басқарма төрағасының орынбасары Әнуар Ахметжановтың Үкіметтегі брифингте теміржол билеттерінің бағасына қатысты түсініктеме берді.
Журналистер ҚТЖ өкілінен «неліктен пойыз билеттерінің бағасы әуебилеттерімен бірдей болып кетті» деп сұрады. Мәселен, Атыраудан Астанаға дейінгі купе билеті 35 мың теңгені құрап, 2025 жылғы бағамен салыстырғанда шамамен 10 мың теңгеге қымбат.
Әнуар Ахметжановтың айтуынша, теміржол билеттерінің бағасы жыл бойы өзгермеген. Бағаның өсуі соңғы рет 2026 жылдың 1 сәуірінде тіркелген.
«Салыстыру қай кезеңді қамтығанын айту өте маңызды. Сіз айтып отырған 35 мың теңге қаңтар мен желтоқсан аралығындағы баға. Теміржол тасымалында билеттер жыл бойы бір бағада тұрды. Көлік министрлігімен жасалған келісімшарт талаптарына сәйкес, жыл сайын индексация жүргізіліп тұрады. Биыл 1 сәуірден бастап билет құны 7%-ға өсті», – деді «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ стратегия және цифрландыру жөніндегі басқарма төрағасының орынбасары Әнуар Ахметжанов.
Оның айтуынша, өткен жылғы инфляция 12%-дан асқан.
«Бұл жағдайда индекстеу деңгейі инфляция деңгейіне толық сәйкес келе бермейді. Ал әуебилетінің бағасымен салыстырсақ, сұраныс аз, маусымдық белсенділік төмен кездерде авиабилеттердің бағасы теңесіп қалуы мүмкін екенін өздеріңіз де жақсы білесіздер. Тіпті кей жерлерде теміржол билеттері қымбатырақ та болуы мүмкін«, – деді Ахметжанов.
Ол авиабилеттердің бағасы сұранысқа қарай 70, 80 және 100 мың теңгеге дейін жететінін айтты.
«Меніңше, бұл жерде жылдық орташа көрсеткіштерді және маусымдарды салыстырған дұрысырақ болады. Сондықтан бізде баға жыл бойы тұрақты екенін тағы бір мәрте айтқым келеді», – деді ол.
Айтуынша, авиацияда серпінді тариф белгілеу механизмі жұмыс істейді, мұнда билет құны сұраныс пен ұсынысқа тікелей байланысты. Көп жағдайда авиабилеттердің құны теміржол билеттеріне қарағанда айтарлықтай жоғары болады.
Айта кетейік, ұзақ бағытқа қатынайтын жолаушылар пойыздары жол уақытын қысқарту үшін кейбір шағын станцияларға тоқтамауы мүмкін.