Қазақстанда пойыздардың жүру уақыты қысқаруы мүмкін

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: kursiv.media, Асқар Ахметуллин

Ұзақ бағытқа қатынайтын жолаушылар пойыздары жол уақытын қысқарту үшін кейбір шағын станцияларға тоқтамауы мүмкін. Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Әнуар Ахметжанов мәлімдеді. Оның айтуынша, мұндай тәсілді Қазақстаннан Ресейге қатынайтын халықаралық бағыттарда қолдануға болады.

«Мысалы, бізде халықаралық пойыздар бар. Атап айтқанда, Астанадан Омбыға баратын пойыз 22 рет аялдайды. Біз осындай халықаралық пойыздардың шағын станцияларға тоқтауы қажет пе, жоқ па деген мәселені қарастырып жатырмыз», – деді ол үкіметте өткен брифнг барысында.

Ахметжановтың пікірінше, бұл мәселені шешу мемлекеттер арасындағы жолаушылар пойыздарының жүру жылдамдығын арттыруға мүмкіндік береді. ҚТЖ басшысының орынбасары Астана мен Петропавл арасында алты пойыз қатынайтынын, олардың толтырылу деңгейі шамамен 15 пайыз екенін атап өтті. Осыған байланысты шағын станциялардағы аялдамаларды қысқарту жолаушылар тасымалының жылдамдығын арттыруы мүмкін деп есептейді.

Оның айтуынша, жазғы кезеңде жолаушылар пойыздарының қозғалыс жылдамдығына инфрақұрылымды жаңғырту және жөндеу жұмыстары да әсер етеді.

Әнуар Ахметжановтың айтуынша, Talgo вагондарының қозғалыс жылдамдығы кәдімгі вагондарға қарағанда 20–25%-ға жоғары. Сол сияқты Stadler пойыздарының да жылдамдығы жоғары болады. Сондықтан вагон паркін заманауи құрамдармен жаңарту жалпы пойыздардың жүру жылдамдығын арттыруға мүмкіндік береді.

Осыған дейін Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев жаңа теміржол желілері салынатын өңірлерді атаған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз