Amanat депутаттары Мәжілісте заңсыз отыр ма – Айдос Сарым жауабы

Мәжіліс депутаты Айдос Сарым Amanat партиясы жойылмай тұрып «Әділет» партиясы құрамында сайлауға түсе алатынын айтты.
Мәжіліс кулуарында БАҚ өкілдері «Amanat партиясы депутаттары Мәжілісте заңсыз отыр ма? Amanat атауы ғимараттардан алынып, орнына «Әділет» партиясының логотипі ілініп жатыр» деп сұрады.
«Бізді жақсы көретін, жек көретін адамдар бар. (Бұл) – бізді жек көретін адамдардың эмоциясы.
(…) Мұнымен Amanat біткен жоқ. Кезінде «Адал» партиясын өзімізге қосқан кезде, оның жабылуы 9 айға созылды. Бұл – менің ойлап тапқаным емес, заң талабы», – дейді Айдос Сарым.
Журналистер депутаттан «Amanat партиясының жабылуына бірнеше ай қажет болса, келесі айдан бастап саяси науқанға, сайлауға қатысуыңыз заңды бола ма?» деп сұрады.
Депутаттың айтуынша, бір партия жойылмай тұрып, екінші партия атынан сайлауға түсу мүмкіндігі қарастырылған.
«Шілдеде «Әділет» партиясының съезі болады. Сол кезде партиялық тізім, басқарушы, жетекші орган секілді шешімдер қабылданады», – дейді Сарым.
Бұған дейін журналист Асылхан Мамашұлы Конституциялық соттың төрайымы Эльвира Әзімоваға хат жолдап, өзгерістердің заңға қаншалықты сай екенін түсіндіруді сұрады. Сөзінше, Amanat партиясы өзінің ұйым ретіндегі қызметі мен ресми атауынан бас тартып, Мәжілісте жоқ партияға өз еркімен қосылды. Осы тұста Мәжілістегі 62 депутат мандатын Орталық сайлау комиссиясына қайтармаған.