Иран Ормұз бұғазындағы порттан Қазақстанға арнайы жер телімін бермек

Иран Ормұз Бұғазындағы порттан Қазақстанға арнайы жер телімін бермек. Екі ел экономикалық байланысты жаңа деңгейге көтеріп, жаһандық логистикалық транзит орталығына айналуды көздеп отыр.
ҚР Премьер-министрінің орынбасары Серік Жұманғарин мен Иранның Жол және қаланы дамыту министрі Фарзане Садек бастаған делегация кездесіп, көлік дәлізін, порт инфрақұрылымын дамыту және инвестициялық ынтымақтастықты жеделдетуге келісті.
Келісім екі елдің транзиттік әлеуетін еселеп қана қоймай, өзара тауар айналымын мақсатты түрде 3 млрд долларға жеткізуге жол ашпақ.
Келіссөздердің ең түйінді тұсы – порт инфрақұрылымын бірлесіп дамыту мәселесі болды. Иран тарапы Шахид Раджаи (Бендер-Аббас) портынан Қазақстанға арнайы жер телімін бөлу рәсімдері аяқталғанын және жақын арада аумақтың берілетінін мәлімдеді.
Бұған қоса, Иран Қазақстанға Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия нарығына тікелей шығуға мүмкіндік беретін Чабахар портында жұмыс істеуді ұсынды. Қазір бұл портты Үнді мұхитымен, Орталық Азиямен және Еуропамен байланыстыратын Захедан-Чабахар теміржол желісі құрылысының 90%-дан астамы аяқталған және ол алдағы айларда іске қосылады.
Өз кезегінде Қазақстан да иран логистикалық компаниялары үшін Каспий теңізіндегі Ақтау және Құрық порттарынан арнайы алаңдар, айлақтар мен терминалдар ұсынуға дайын екенін жеткізді.
Кездесу қорытындысы бойынша екі ел де инвесторлар тарту мен инфрақұрылымды дамыту жұмыстарын барынша жылдамдатуға уағдаласты.
Бүгінде Иран – Қазақстанның аймақтағы ең маңызды стратегиялық әріптестерінің бірі.
2025 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 26,4%-ға артып, 430,2 миллион долларды құрады. Бұл көрсеткішті одан әрі еселеу үшін Иран мен ЕАЭО арасындағы Еркін сауда туралы келісім мен арнайы бекітілген «Жол картасы» басты қозғаушы күш болмақ.
Екі мемлекет те «Солтүстік-Оңтүстік» және «Шығыс-Батыс» бағыттарының қиылысында орналасқандықтан, транзиттік тасымалды дамытуға баса назар аударылып отыр.
Алайда 2026 жылдың алғашқы үш айында екі ел арасындағы сауда көлемі былтырғымен салыстырғанда 30%-ға жуық қысқарды.