Колонияда ұйымдасқан қылмыстық топ құрды: 10 сотталушы жазасы ұзартылды

Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты колонияның ішінде қылмыстық әрекетті ұйымдастырған 10 сотталушыға қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды өңірлік прокуратураның баспасөз қызметі.
2022-2024 жылдар аралығында олар тұрақты қылмыстық топ құрып, психологиялық қысым мен күш қолдану арқылы басқа сотталушылардан ақша бопсалаған.
«Ұйымдасқан қылмыстық топтың қатысушылары басқа сотталушылардан жүйелі түрде ақша бопсалап, оны банк карталары мен мобильді қосымшалардағы бақылауындағы шоттарға аудартып отырған. Бас тартқан жағдайда жәбірленушілер ұрып-соғуға, қорлауға және физикалық зорлық-зомбылықтың басқа да түрлеріне ұшыраған», – делінген хабарламада.
Қылмыстық істі тергеуді арнайы прокурорлар келесі баптар бойынша жүргізді:
- ҚР ҚК 262-бабы – «Ұйымдасқан топты құру, оған басшылық ету және оған қатысу»;
- ҚР ҚК 194-бабы – «Қорқытып алушылық»;
- ҚР ҚК 190-бабы – «Алаяқтық».
Прокурорлар сотқа сотталушылардың әрекеттерінің заңсыздығын растайтын толық дәлелдемелерді ұсынды.
«Сот ұйымдасқан қылмыстық топтың 10 мүшесін айыптаудың барлық тармағы бойынша кінәлі деп танып, оларға 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады», – деп атап өтілген мәтінде.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.