Экономика

Қазақстанда мұнай өндірісі бес айда 10,2 пайызға төмендеді

фото: Нұрсұлтан Ерболатұлы
Қазақстанда мұнай өндірісі алғашқы бес айда 10,2 пайызға түсті / фото: Нұрсұлтан Ерболатұлы

Қазақстанда мұнай мен газ конденсатын өндіру төмендеді. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2026 жылғы қаңтар–мамырда елде 37,025 млн тонна мұнай мен газ конденсаты өндірілген. Бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 10,2%-ға аз.

Мамыр айында өндіріс көлемі 8,682 млн тоннаны құрады. Бұл сәуірмен салыстырғанда 0,5%-ға, ал 2025 жылғы мамырмен салыстырғанда 4,1%-ға көп. Яғни мамырда айлық және жылдық өсім байқалғанымен, бес айдың жалпы қорытындысы әлі де минуста қалып отыр.

Табиғи газ өндірісі де азайды. Қаңтар–мамыр аралығында газ өндіру көлемі 25,3 млрд текше метр болды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 9,3%-ға төмен. Мамырда 5,709 млрд текше метр газ өндірілді. Сәуірмен салыстырғанда бұл 6,1%-ға, былтырғы мамырмен салыстырғанда 1,7%-ға аз.

Мұнай өнімдері бойынша жағдай әркелкі. Автобензин өндірісі бес айда 2,518 млн тоннаны құрады. Бұл былтырғыдан 1,8%-ға төмен. Бірақ мамырда бензин өндірісі сәуірмен салыстырғанда бірден 47,6%-ға өсіп, 539 мың тоннаға жетті.

Каспий құбыры желісі маусым айында мұнай экспортын 17%-ға қысқартатынын жазған едік