Lifestyle

Желі жұлдызына айналған полиглот қазақ ауылындағы мәдениетті сақтап қалғысы келеді

Әділет қазірге дейін бірнеше елді аралаған/Фото: instagram.com/gostepbysteppe

Әлеуметтік желіде 22 жастағы жігіттің әлемді аралап, шетелдіктерге қазақ мәдениеті туралы баяндаған видеолары миллиондаған қаралым жинап жатыр. Көпшілік жігіттің ағылшын тілінде еркін сөйлейтініне сүйсінген. Kursiv LifeStyle желі жұлдызына айналған Әділет Сапарғалимен сұхбаттасып, влог жүргізудегі мақсатын білді.

Әділет Сапарғали кім

Әділет Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданы Балуан ауылында туған. 2025 жылы Астанадағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «Туризм» мамандығы бойынша тәмамдаған. Қазір Түркияның Сакария қаласында оқуын жалғастырып жатыр.

Ол күтпеген жерден танымал болғанын айтады. Instagram желісінде ағылшын тілінде сөйлеген видеосын жариялаған. Видеолар миллиондаған қаралып жинап, оқырман саны 37 мың адамға жеткен.

Қазір көпшілік Әділеттің акцентіне тамсанып, «тілді қалай үйрендіңіз?» деп сұрап жатыр.

«Ағылшын тілін өз бетімше үйрендім. Бәрі коронавирус пандемиясы кезінде, осыдан алты жыл бұрын басталды. Курсқа қатысқан жоқпын, Age of Conquest IV ойнаудан бастадым. Бірнеше жылдың ішінде тіл білу деңгейім көтерілді. Содан кейін Америкаға барып, сол ортада жетілдірдім. Ең тиімді тәсіл – сол тілде сөйлейтін ортаға ену», – дейді Әділет.

Жас жігіт болашақ мамандығын да саяхаттауға деген құштарлықпен байланыстырып таңдаған. Небәрі 22 жасында Әділет АҚШ, Сауд Арабиясы, Ресей, Грузия, Өзбекстан, Қырғызстан және Қытай секілді елдерді аралап үлгерген.

Моңғолияға сапар

Қазір Әділет Моңғолияда жүр. Ол сол жақта видео түсіріп, әлеуметтік желіде жариялап отырады. Әділетті таңқалдырған жайт – жергілікті қазақтардың қонақжайлығы.

«Мені өте жылы қабылдады. Тұрғындар үйіне шақырып, дастарханын жайып, барын қоюға дайын. Өз отбасының бір мүшесі сияқты қабылдап, Моңғолияның көрікті жерлерін көрсетуге тырысып жатыр. Қазақтар бұл жаққа көп келе бермейді, тіпті кейбірі желіде «моңғол», «оралман» деп әжуалайды. Меніңше бұл дұрыс емес. Қай жерде тұрсақ та, қанымыз – бір, түбіміз – ортақ», – дейді ол.

Қазір көпшілік жас жігіттің тіл меңгеру қабілетіне тамсанып жатыр. Алайда Әділет мұның тек қарым-қатынас құралы екенін айтады. Басты мақсатының бірі – климат пен экологияға көңіл аударту. Ол Моңғолияның өзінде климат өзгеріп, қуаңшылық болып жатқанын байқаған.

Тағы бір мақсаты – ұлттық кодты сақтау. Ол қазақ дәстүрі, қолөнері, ауылдың қайнаған қоңыр тіршілігі біртіндеп жойылып жатыр деп алаңдайды. Өз тарапынан мәдениет пен ауылдағы дәстүрді сақтап қалуға үлес қосқысы келеді.

Айта кетейік, бұған дейін қазақстандық рэпер және музыкалық продюсер Скриптонит (Әділ Жәлелов) ауқымды әлемдік турға шығатынын хабарлады.