Lifestyle

Жұрт желіде суретін салып, қызықтап жүрген әйгілі мем – бұртиған еркек кім

Фото: threads.com/@_vadim_v, бильд-редактор: Серикжан Ковланбаев

Кейінгі кезде әлеуметтік желіде осы бір томпақ ұртты, жіңішке мұртты, томсырая қарап тұрған еркектің суреті жиі көзге шалынатын болды. Қазір кең тараған мемдердің бірі осы.

Жұрт әлдебіреудің таңданғанын, жауап бере алмай тосылғанын, мұңайғандай кейіп танытқанын т.б. сипаттағанда осы бұртиған ер адамның суретін салып қояды. Қара шашты, көзі бақырайған бұл мультфильм кейіпкерінің кім екені айтылмайды, тек суреті ғана тарап жүр.

Әуелі ағылшынтілді ортада кеңінен тарап, бертінде қазнетке келген бұл мем әсіресе Threads желісінде көп шығады.

Желі пайдаланушылары өмірде болатын, болуы ықтимал жағдайлардағы адам реакциясын аңғарту үшін әзілдеп, көрнекі кескінге осы еркектің үстіне түрлі киім кигізіп, біреуге көз тіге жатқан-тұрған қалпы салып қояды.

Мемдегі еркек – 2006 жылғы «Монстр үй» (Monster House) атты америкалық анимациялық фильмнің Реджинальд Скулински деген кейіпкері болып шықты (Reginald Skulinski, лақап аты Skull – «бас сүйек»). Реджинальд жағымды кейіпкер: қолайсыз жағдайға тап болып, алдына ақыл сұрап келген жасөспірімдерге көрген-білгенін айтып, көмектескен.

Skull: The Smartest Guy on Earth | Monster House (Jon Heder, Mitchel Musso)

Бір қызығы, желіде мем болып тарап жүрген кадр бұл мультфильмде жоқ. Ондағы Реджинальдтың түрі де басқаша. Соған қарағанда, мемдегі кескінді пайдаланушылар жасанды интеллект құралдарының көмегімен өзгертіп, «жетілдіріп» жіберген болса керек.