VIII шақырылым депутаттарының резонанс тудырған 8 заңы

Мәжілістің VIII шақырылымы депутаттық сауалдар мен саяси мәлімдемелермен ғана емес, қоғамда қызу пікірталас тудырған заң жобаларымен де есте қалды. Бұл шақырылымда қабылданған немесе талқыланған бірқатар құжат азаматтардың күнделікті өміріне, бизнеске, медиа нарыққа және әлеуметтік қауіпсіздікке тікелей әсер етті. Сондықтан аталған заңдар жай ғана құқықтық өзгеріс емес, қоғамдағы сұраныс пен мемлекеттің соған берген жауабы ретінде қабылданды. Төменде осы шақырылымдағы ең көп талқы тудырған заң жобаларын ұсынамыз.
Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы заң
Блогерлер мен интернет-жарнамаға жаңа талаптар енгізілді
Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы заң
Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы заң жаңа цифрлық дәуірдің талабынан туған құжат болды. Соңғы жылдары блогерлер, инфлюенсерлер және әлеуметтік желідегі жарнама нарығы жылдам өсті. Алайда сала ұзақ уақыт бойы толық реттелмей келді. Заң блогерлердің қызметін заңдастыру, әлеуметтік желідегі жарнаманы міндетті түрде таңбалау, онлайн-платформалардағы жауапкершілікті күшейту мен жарнамадан табыс табатын тұлғаларды салық тәртібіне енгізу нормаларын бекітті. Құжат дәстүрлі БАҚ пен жаңа медиа арасындағы шекараның өзгеріп жатқанын көрсетті. Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы заң 2023 жылғы 10 шілдеде қабылданды.
Заңсыз активтерді қайтару туралы заң
Капиталды елге қайтару және активтерді тексеру тетігі бекітілді
Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы заң
Экономика және капитал нарығы тұрғысынан ең маңызды құжаттардың бірі – заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы заң болды. Бұл құжат олигополиямен күрес, капиталды елге қайтару және әділетті экономикалық орта қалыптастыру идеясымен байланысты қабылданды. Заң ірі активтердің шығу тегін тексеруге, заңсыз жолмен алынған мүлікті мемлекетке қайтаруға құқықтық негіз берді. Қоғам заңды бұрынғы жүйенің экономикалық мұрасын қайта қарау құралы ретінде қабылдады. Ал бизнес өкілдері үшін басты сұрақ – заң адал инвесторларға қысым жасамай ма, меншік құқығына қауіп төндірмей ме деген мәселе болды. Оған мемлекет басшысы 2023 жылғы 12 шілдеде қол қойды
«Салтанат заңы»
Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейді
Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заң («Салтанат заңы»)
Аталған заң 8-ші шақырылымның ең көп талқыланған құжаты. Ол көбіне «Салтанат заңы» деген атаумен белгілі. Заңның басты ерекшелігі – бұрын әкімшілік құқық бұзушылық ретінде қаралған ұрып-соғу және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру әрекеттері қылмыстық жауапкершілікке ауыстырылды. Өзгеріс қоғамда ұзақ жылдар бойы көтеріліп келген мәселені заңдық деңгейде бекітті. Заңның айналасындағы пікірталас жазаны күшейтуден асып, отбасы ішіндегі зорлықты «жеке мәселе» деп емес, қоғамдық қауіпсіздік мәселесі ретінде қарау қажеттігін көрсетті. Президент заңға 2024 жылғы 15 сәуірде қол қойды.
Масс-медиа туралы заң
Журналистика, аккредитация және мемлекеттік тіл нормалары қайта қаралды
Масс-медиа туралы жаңа заң
Ақпарат және медиа кеңістікте ең көп талқыланған құжаттардың бірі – масс-медиа туралы жаңа заң. Заң журналистерді аккредитациялау, мемлекеттік тілдегі контент үлесін арттыру, БАҚ пен мемлекет арасындағы қатынасты реттеу сияқты мәселелерді қамтыды. Алғашқы талқылаулар кезінде «баспасөз картасы» туралы бастама журналистер арасында ерекше сынға ұшырады. Кейін норма алынып тасталғанымен, заң медиа саласында үлкен пікірталас тудырды. Себебі БАҚ туралы кез келген өзгеріс сөз бостандығы, ақпаратқа қол жеткізу және журналистердің кәсіби тәуелсіздігі мәселелерімен тікелей байланысты. Заң 2024 жылғы 19 маусымда қабылданды
Лудоманияға қарсы заң
Құмар ойындар мен букмекерлік жарнамаға шектеу қойылды
Лудоманияға қарсы заң
Қоғамдық резонанс тудырған тағы бір бағыт – лудоманияға қарсы заң. Құмар ойынға тәуелділік соңғы жылдары әлеуметтік проблемаға айналды. Әсіресе онлайн бәс тігу, жеңіл несие мен жарнаманың агрессивті таралуы азаматтардың қаржылық жағдайына әсер етіп, отбасылық, әлеуметтік қиындықтарды күшейтті. Осыған байланысты құмар ойындар мен бәс тігуге қатысу жасын ұлғайту, қарызы бар азаматтардың ойынға қатысуына шектеу қою, букмекерлік жарнаманы қатаң реттеу сияқты нормалар қабылданды. Заң қоғамда екі түрлі пікір тудырды: бір тарап оны әлеуметтік қауіпсіздік үшін қажет десе, екінші тарап шектеулер қалай орындалатынына назар аударды. Лудоманияға қарсы заңға Президент 2024 жылғы 8 шілдеде қол қойды.
Жаңа Салық кодексі
ҚҚС, арнайы салық режимдері және «сән-салтанат салығы» талқыланды
Жаңа Салық кодексі
Жаңа Салық кодексі де VIII шақырылымдағы ең резонанстық экономикалық жобалардың қатарына кірді. Құжат бизнеске, тұтынушыға, инвесторға және бюджет кірісіне тікелей әсер ететіндіктен, талқылау өте қызу жүрді. Әсіресе ҚҚС мөлшерлемесін көтеру, арнайы салық режимдерін оңтайландыру, шағын және орта бизнеске түсетін жүктеме, сондай-ақ «сән-салтанат салығы» сияқты бастамалар қоғам назарында болды. Бұл кодекс төңірегіндегі пікірталас салық жүйесі тек фискалдық құрал емес, экономикалық саясаттың негізгі тетігі екенін көрсетті. Бір жағынан мемлекет бюджет кірісін арттыруды көздесе, екінші жағынан бизнес салық ауыртпалығының күшеюінен қауіптенді. 2025 жылдың 18 шілдесінде президент заңға қол қойды.
ЛГБТ насихатына тыйым салуға қатысты заң
Балаларды зиянды ақпараттан қорғау және медиа кеңістікті реттеу мәселесі қоғамда қызу талқыланды
ЛГБТ насихатына тыйым салуға қатысты заң
VIII шақырылымдағы ең резонанстық бастамалардың бірі – қоғамда «ЛГБТ насихатына тыйым салу» деген атаумен кең талқыланған заң жобасы. Ресми түрде құжат архив ісі және құқыққа қайшы контенттің таралуын шектеу мәселелері бойынша бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу туралы заң ретінде қаралды.
Бастамаға дейін қоғамда арнайы петиция талқыланып, мәдениет және ақпарат министрлігі оны ішінара қолдаған. Кейін мәселе парламент деңгейіне шығып, заң жобасына балаларды денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғауға қатысты нормалар енгізілді.
Құжаттың резонанс тудыруына бірнеше себеп болды. Бір тарап оны балаларды қорғау мен дәстүрлі отбасы құндылықтарын сақтау тұрғысынан қажет деп санады. Екінші тарап сөз бостандығы, кемсітпеу қағидаты мен ақпарат тарату еркіндігіне қатысты сұрақтар көтерді. Сондықтан заң жобасы тек құқықтық өзгеріс емес, қоғамдағы құндылықтар, медиа еркіндігі және балаларды қорғау мәселелері тоғысқан үлкен қоғамдық пікірталасқа айналды.
Заң жобасы 2025 жылы мәжілісте мақұлданып, кейін сенатта қаралды. Ақырында мемлекет басшысы құжатқа қол қойды. Осылайша бастама VIII шақырылымдағы ең көп талқыланған, қоғамды екіге жарған резонанстық заңдардың қатарына қосылды.
Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заң
Иттерді ұстау, серуендету және иесінің жауапкершілігіне қатысты талаптар қоғамда талқыланды
Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заң
VIII шақырылымда қоғамда «ит туралы заң» деген атаумен талқыланған маңызды құжаттардың бірі – жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселесіне қатысты өзгерістер. Заң үй жануарларын, әсіресе иттерді ұстау мен серуендетуде иесінің жауапкершілігін күшейтуге бағытталды.
Құжаттың резонанс тудыруына қоғамдық қауіпсіздік мәселесі себеп болды. Бір тарап ит иелеріне талапты қатаңдату керек десе, екінші тарап қараусыз қалған жануарларға қатыгездік жасамай, панажай, стерилизация мен ұстау мәдениетін дамыту қажет екенін айтты.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына 2026 жылғы 19 мамырда қол қойды.
Бұдан бөлек VIII шақырылым тұсында бетті тұмшалауға, вейптерге тыйым салатын, мопедтерді тіркеуді міндеттейтін, электросамокаттардың қозғалысын реттейтін заңдар мен түзетулер қабылданғанын атап өткен жөн.
Аталған заңдардың әрқайсысы қоғамда әртүрлі пікір тудырды. Бірі әлеуметтік әділеттілік пен қауіпсіздік үшін қажет деп қабылданса, енді бірі сөз бостандығы, бизнеске түсетін жүктеме немесе азаматтардың жеке құқығы тұрғысынан талқыланды. Сондықтан құжаттар тек құқықтық өзгеріс емес, қоғамдағы сұраныс, құндылықтар қақтығысы мен жаңа ережелерге бейімделу кезеңінің көрінісі болды.
Осы тұрғыдан алғанда, VIII шақырылым ең резонанстық заңдар арқылы қоғам, бизнес және мемлекет арасындағы жаңа қатынастарды айқындаған кезең ретінде есте қалды.
Бұған дейін, Kursiv.Media VIII шақырылымдағы депуттар жолдаған сауалдарды талдап, депутаттардың белсенділігін анықтауға бағытталған сараптама жасаған.