Алматы облысындағы танымал дәмханалардың бірінде 65 адам астан уланып қалды

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
Алматыда танымал дәмханалардың бірінде 65 адам астан уланып қалды
65 адам астан уланып қалды/ фото: pexels.com

Алматы облысындағы «Sushi Time» деп аталатын дәмханада суши жеген 65 адам денсаулығының нашарлағанына шағымданған.

Ktk.kz арнасының мәліметінше, мекемеге санитарлық тексеріс жүргізіліп, сараптама үшін сынамалар алынды. Қазіргі уақытта дәмхана жабық тұр.

Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ләйлә Серікбаева көмекке жүгінген науқастардың барлығы «Sushi Time» дәмханасына барып, пицца, суши және басқа да өнімдерді жегенін айтты.

«Барлық науқастың жағдайы орташа ауырлық дәрежесінде. Ауыр халдегі науқастар жоқ», – деді ол.

Қазіргі уақытта 36 пациент Алматы облысының үш ауруханасында жатыр. Олардың жағдайы тұрақты деп бағаланды. 29 адам амбулаторлық емделуге жіберілді.

Мекеменің өзі уақытша жабылды. Оның иесі тез тамақтану саласында алты жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанын және мұндай төтенше жағдай бірінші рет болып тұрғанын айтты.

«Мұның бәрі не себепті болғанын өзім де түсіне алмай отырмын. Тұтынушылар сушилердің бәрі ыстық, балғын болды деп жатыр. Уланудың неден болғанын олар да түсінбейді. Біз дәрі-дәрмекпен, ақшалай көмектесіп жатырмыз. Чектері бар. Кейбіреулері жазып жатады. Дәрілерді, жүйелі капельницаларды жеткізіп берудеміз. Кейбіріне ақшалай беріп жатырмыз. Мен бәріне көмектесуге тырысамын, әрқайсысымен телефон арқылы байланысып отырмын», – деді дәмхана иесі.

Дәмханаға келген санитарлық дәрігерлер сынамалар алынғанын, нәтижесін шығару үшін 3-5 күндей уақыт керек екенін айтты.

Зардап шеккендер полицияға арыз жазбаған. Алайда гигиеналық нормативтерді бұзғаны үшін суши-дәмхана иесіне қызметін тоқтата тұруға және өнімдерін тәркілеумен қатар, 2 млн теңгеге дейін айыппұл салынуы мүмкін.

Бұған дейін Қызылорда облысынан Жамбыл облысына оқу-жаттығу жиынына барған 22 бала гастроэнтерит деген алдын ала диагнозбен ауруханаға түсіп қалған.

Сондай-ақ оқыңыз