Алматының үш көшесінде біржақты қозғалыс енгізіледі

18 маусымнан бастап Алматыдағы Достық даңғылының Гоголь көшесінен Жібек жолы даңғылына дейінгі бөлігінде солтүстік бағытта бір жақты қозғалыс енгізіледі. Бұл туралы Алматы әкімдігі хабарлады.
Сондай-ақ Зенков көшесінің Мақатаев көшесінен Гоголь көшесіне дейінгі бөлігінде оңтүстік бағытта біржақты қозғалыс болады. Бұдан бөлек, Әуезов ауданында Атамекен көшесінің (Атамекен шағынауданы) №103 үйден №108 үйге дейінгі бөлігінде оңтүстік бағытта біржақты қозғалыс ұйымдастырылған.
Бұл шешімді Әкімшілік полиция басқармасы мен қалалық билік бірігіп қолға алып отыр. Оның басты мақсаты – кептелісті азайту, көліктердің емін-еркін жүруіне жағдай жасау және жолдағы жүргізушілер арасындағы түсініспеушіліктерді болдырмау.
Мұндай қадамға баруға жолдардағы қазіргі жағдайды зерттеу нәтижелері мен сол маңда тұратын халықтың сұранысы себеп болды. Әзірге біржақты қозғалыс сынақ ретінде ғана енгізіліп жатыр. Мамандар жаңа жүйенің тиімділігін бақылап, содан кейін ғана оны тұрақты түрде қалдыру-қалдырмау мәселесін шешеді.
Айта кетейік, биыл Алматы әкімдігі Достық даңғылын Абай даңғылынан бастап Әл-Фараби даңғылына дейінгі аралықта жөндеу жұмысын жүргізбекші.