ChatGPТ мен AliExpress Қазақстанға миллиардтаған салығын қайтарды

ChatGPT-ді әзірлеуші компания Қазақстан бюджетіне 1,8 миллиард теңге салықты кем төлеген. Салық қызметінен ескерту алғаннан кейін ғана толық төлем аударылды. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінің Цифрлық активтерді әкімшілендіру басқармасының басшысы Талғат Әділов мәлімдеді.
2025 жылдың қорытындысы бойынша фискалдық органдар салық міндеттемелерін толық орындамаған 77 шетелдік интернет-компанияны анықтады. Платформалардың бір бөлігі Қазақстанда шартты тіркеуде тұрмаған. Әділовтің сөзінше, ескерту алғаннан кейін 8-ге жуық компания өз міндеттемелерін орындаған.
«Егер ірі сомалар туралы айтатын болсақ, онда ChatGPT 2025 жыл үшін 1,8 миллиард теңге көлеміндегі салықты қосымша төледі», – деді Талғат Әділов.
Тағы бір ірі салық төлеуші – AliExpress компаниясы. Камералдық бақылау нәтижесінде маркетплейс Қазақстан бюджетіне 600 миллион теңгеден астам қаражатты қосымша аударды.
2024 жыл үшін де Temu, Amazon, AliExpress тәрізді компаниялар ел бюджетіне салықты кем төлеген еді. Депутаттардың айтуынша, 2023 жылы шетелдік маркетплейстер Қазақстанға 505 млрд теңгеге тауар жеткізгенімен, олардан бюджетке түскен салық көлемі небәрі 24 млрд теңгені құраған.