«1,6 млрд теңге»: депутат мектептер бағасындағы айырмашылықты түсіндіруді талап етті

Қазақстанда «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында салынған сыйымдылығы бірдей екі мектепке бюджеттен екі түрлі қаржы жұмсалған. Мәселен, ШҚО-дағы Опытное село ауылындағы мектеп 4,7 млрд теңгеге салынса, БҚО-дағы Пугачева ауылында мектепке 3 млрд теңге бөлінген. Айырмашылық – 1,6 млрд теңге.
Сенатор Андрей Лукин Сенаттың кезекті отырысында дәл осы мәселені көтерді. Сондай-ақ талдау нәтижелеріне сәйкес, салынған 75 мектептің ішінде бір мектеп тек 29%-ға ғана толған, 8 мектеп 30%-дан 50%-ға дейін, 16 мектеп 50%-дан 70%-ға дейін, ал қалған мектептер 70%-дан жоғары деңгейде толыққан. Депутат Оқу-ағарту министрлігінен «Ұлттық жоба аясында салынған мектептердің толық қуатында жұмыс істемеуінің негізгі себебі неде?» деп сұрады.
Бағаға сейсмика мен жер бедері әсер еткен
Оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасовтың айтуынша, Шығыс Қазақстан облысындағы Опытное поле ауылының сейсмикалық қауіптілігі 7 балды құрайды, сондықтан мұнда тиісті түзету коэффициенті қолданылған. Ал Батыс Қазақстан облысында сейсмикалық көрсеткіш 6 балл болғандықтан, коэффициент есептелмейді.
«Сейсмикалық талаптарға байланысты конструкторлық шешімдер де әртүрлі болады», – деді ол.
Шарабасов Опытное поле ауылындағы жер телімі тау бөктерінде орналасқанын қоса айтты. Соның кесірінен жерді тегістеу және қосымша тіреуіш қабырғаларын орнату үшін көптеген қосымша жұмыстар жүргізілген.
«Шығыс Қазақстандағы жер телімінің көлемі үлкенірек болған. Сәйкесінше, алаң ішіндегі инженерлік желілерді тартуға да қосымша шығындар жұмсалған», – деп қосты министрлік өкілі.
Кейбір мектептер неге бос тұр?
Жаңа мектептердің 100% толмауына қатысты министрлік өкілі жобаның негізгі миссиясы орындалғанын және кейбір аймақтарда мектептердің болашақты болжап салынғанын алға тартты.
«Жайлы мектеп» Ұлттық жобасын іске асыру 52 үш ауысымды және 12 апатты мектептің мәселесін шешуге, сондай-ақ 100-ден астам мектептегі оқушы орнының тапшылығын азайтуға мүмкіндік берді. Ал кейбір ірі қалалар мен оларға жақын орналасқан агломерациялардағы мектептер тұрғын үй құрылысының белсенді жүруі мен көші-қон ағынының өсу болжамын ескере отырып, алдын ала, болашақтың қамымен салынды», – деп түйіндеді баяндамашы.
Еске сала кетейік, 2025 жылы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру аяқталған еді. Барлығы 217 мектеп салынды. Қазіргі уақытта 215 мектеп пайдалануға берілді, қалған екі мектеп маусым айының соңына дейін аяқталады.