Жамбыл облысы полиция бастығының бұрынғы орынбасары 6 жылға сотталды

Жарияланды (жаңартылды )
General news бөлімінің журналисі
Жамбыл облысы полиция бастығының бұрынғы орынбасары 6 жылға сотталды / Фото: Жамбыл полициясы

Жамбыл облысы полиция департаменті бастығының бұрынғы орынбасары Жайдарбек Құттыбаев пара алу ісі бойынша 6 жылға бас бостандығынан айрылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат«.

Құттыбаевпен қоса, Талас ауданы полиция бөлімі бастығының міндетін атқаған Еркен Абаевқа қатысты үкім Тараз қалалық №2 сотында оқылды. Сот екеуін де кінәлі деп таныды, дегенмен олар ақыр соңына дейін кінәларын мойындамай, істі қолдан жасалғанын айтты.

Құттыбаев 6 жылға, ал Абаев бес жылға сотталды. Сонымен қатар екеуінің де мемлекеттік қызметте және құқық қорғау органдарында қызмет атқару құқығы өмір бойына шектелді. Сот оларды арнайы атақтарынан айыру туралы да қаулы шығарды.

Іс материалдарына сәйкес, жәбірленуші Қаратау қаласында қызмет еткен бұрынғы полиция қызметкері болып шықты. Оқиға сотталушы полиция басшыларының оны қылмыстық қудалауынан басталған. Жәбірленуші бір адамды ұрып-соғып, содан кейін оған қатысты қылмыстық іс қозғау және ішкі істер органдарынан босатылу қаупі төнген. Сол кезде аудандық бөлім бастығының м.а. қызметін атқарған Еркін Абаев қарамағындағы қызметкерге мәселені Жамбыл облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Жайдарбек Құттыбаев арқылы шешуді ұсынған. Мәселенің құны 5 млн теңгені құраған.

Тергеу нұсқасы бойынша, бұл ақша қызметтік шенін сақтап қалуға және қылмыстық жазадан құтылуға көмектесуі керек еді, алайда істі қандай да бір себептермен жауып тастау мүмкін болмаған. Полициы қызметкері кейін қамауға алынды. Осыдан кейін ғана ол құқық қорғау органдарына өз мәселесін шешу үшін ақша бергенін хабарлаған.

Құттыбаев жарыссөз кезінде тергеу келтірген фактілер оның кінәсін дәлелдемейтінін мәлімдеді. Ол полицияда 29 жыл бойы мінсіз жұмыс істегенін еске салып, егер шынымен ақша алған болса, жәбірленушіге қатысты тәртіптік кеңес өткізбейтінін баса айтты.

Құттыбаевтың айтуынша, жәбірленуші оған қауіпсіздік қызметінің қызметкерлерінің нұсқауымен жала жауып отыр. Сонымен қатар, сотталушының айтуынша, тергеу кезінде жәбірленуші берген куәлік өзгеріп отырған, алайда өзі полицей бола тұра қылмыстық процестің қалай өтетінін жақсы түсінген.

Абаев та кінәсін мойындамады. Оның қорғаушылары оған қарсы айыптау даулы куәліктерге негізделгенін және тікелей дәлелдермен расталмайтынын мәлімдеді.

Үкім оқылғаннан кейін сотталушылардың туыстары соттың қорытындысымен келіспейтіндерін және үкімге жоғары тұрған инстанцияда шағымданатындарын мәлімдеді.

Жамбыл облысы ПД бастығының бұрынғы орынбасарының «құқыққа қарсы әрекет жасады деген күдікпен» ұсталғаны туралы хабарлама 2025 жылғы 30 тамызда пайда болды. Ол кезде ІІМ күдіктінің уақытша ұстау изоляторына қамалғанын және сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлаған еді.

Сондай-ақ оқыңыз