Lifestyle

Депрессияны емдеудің жаңа әдісі пайда болды

Депрессиядан шығуға көмектесетін жаңа әдіс зерттелді / Фото: shutterstock

Депрессияны емдеудің жаңа тәсілі сынақтан өтті. Психология саласының практигі Олжас Сейітовтің клиникалық зерттеуі барысында қатысушылардың депрессия деңгейі 86%-ға төмендеген. Жаңа психотерапиялық әдіс – пейнхантинг деп аталады.

Қазақстандық зерттеушінің әдісі бойынша қатысушылардың 79%-ы бірнеше сеанстан кейін оң нәтижеге жеткен. Нақты айтқанда екі апта және 3-4 терапиялық сеанстан кейін күйзеліс жағдайынан шыққан.

Зерттеу Астанада жүргізіліп, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тәуелсіз этикалық комитеті тарапынан мақұлданған. Ғылыми жұмыс халықаралық ClinicalTrials.gov клиникалық зерттеулер базасында тіркеліп, препринт түрінде жарияланды.

Пейнхантинг әдісі қалай жұмыс істейді

Пейнхантинг (ағылшынша painhunting – «ауырсынуды іздеу») әдісі адамның эмоционалдық ауырсынуына себеп болған оқиғалармен жұмыс істеуге бағытталған.

Зерттеу авторлары бұл тәсілді жақын адамнан айырылу, ажырасу, сатқындық, зорлық-зомбылық немесе басқа да күрделі өмірлік жағдайлардан кейін пайда болатын депрессиялық күйді жеңілдету үшін қолданған.

Әдістің басты ерекшелігі – тек депрессия белгілерін азайту емес, адамның эмоционалдық жағдайына әсер еткен нақты оқиғаларды талдауға бағытталуында.

Клиникалық зерттеу нәтижелері

Зерттеуге клиникалық деңгейдегі депрессиясы бар 84 адам қатысты. Қатысушылардың барлығында олардың жағдайына әсер еткен нақты жағымсыз өмірлік оқиғалар анықталған.

Терапиядан кейін екі апта өткен соң, қатысушылардың жағдайы айтарлықтай жақсарған. Халықаралық PHQ-9 шкаласы бойынша депрессия деңгейі терапия алған топта 2,32 балға дейін төмендеген, ал терапия күтудегі топта көрсеткіш 16,56 балл деңгейінде қалған.

Зерттеу нәтижесінде қатысушылардың көпшілігінде мазасыздық деңгейі төмендеп, күнделікті өмірдегі белсенділігі жақсарғаны байқалған. Сегіз аптадан кейін терапиядан өткен адамдардың 68 пайызында оң нәтиже сақталған.

Пейнхантинг әдісі қосымша зерттеуді қажет етеді

Олжас Сейітовтің айтуынша, зерттеудің негізгі мақсаты – эмоционалдық ауырсынудың нақты себептерімен жұмыс істеудің тиімділігін тексеру болған.

«Егер тек симптомдармен ғана емес, эмоционалдық ауырсынудың нақты көзі болған оқиғалармен жұмыс жасасақ, жағдайды тезірек жақсартуға бола ма деген сұраққа жауап іздедік. Алынған нәтижелер бұл тәсілдің әрі қарай зерттелуге лайық екенін көрсетті», – деді Олжас Сейітов.

Зерттеудің қосалқы авторлары – қазақстандық эндокринолог Санемхан Узакова және америкалық ғалым Вафа Баят.

Әдіс халықаралық деңгейде тексерілмек

Зерттеу әзірге ғылыми рецензиядан өтпеген препринт мәртебесінде. Алдағы кезеңде авторлар нәтижелерді тәуелсіз зерттеушілер қатысатын ірі зерттеулер арқылы тексеруді жоспарлап отыр.

Егер нәтижелер басқа зерттеулерде де расталса, пейнхантинг Қазақстанда әзірленіп, халықаралық деңгейде мойындалуы мүмкін психотерапиялық әдістердің біріне айналуы ықтимал.

Осыған дейін әйелдердің неге еркектерге қарағанда ұзағырақ өмір сүретіні жайлы шолу жасаған едік.