Тазалықтың артында маңдай тер тұр: 25 жылын бір салаға арнаған еңбек адамымен сұхбат

Астананың тазалығы үшін күн сайын мыңдаған коммуналдық қызметкер еңбек етеді. Солардың бірі – Қанат Әбілмәжінов. Оның еңбек жолы Астананың даму кезеңімен қатар өрілді. Елорданың жаңа қалыптасып жатқан уақытынан бастап коммуналдық шаруашылық саласында қызмет етіп келе жатқан ол бүгінде осы саланың тәжірибелі мамандарының біріне айналды. KursivMedia тілшісі қоғам игілігіне қызмет етіп жүрген еңбек адамының өмірлік ұстанымы, кәсібінің ерекшелігі және қаладағы тазалық мәдениеті туралы сұхбаттасты.
Қорғалжын өңірінің тумасы елордаға 1998 жылы қоныс аударып, 2001 жылдан бері коммуналдық шаруашылық саласында жұмыс істеп келеді. Жас қаланың қалыптасу кезеңін де, бүгінгі заманауи келбетін де көзімен көрген азаматтың өмір жолы Астананың даму тарихымен қатар өрілгендей.

Биыл оның осы салада еңбек еткеніне тура 25 жыл толып отыр. Ал соңғы 20 жылын көшелердің тазалығын қамтамасыз ететін арнайы техниканың тізгінінде өткізген.
«Жұмыстың жеңілі болмайды. Қазір арнайы техникалардың күрделілігіне қарай жетінші разрядтағы маманмын. Бұл – жоғары разряд. Соған сай жауапкершілігі де жоғары», – дейді ол.
Қала тазалығы – күнделікті жауапкершілік
Көп адам үшін қала тазалығы – күнделікті қалыпты көрініс. Ал сол тазалықтың артында қаншама адамның маңдай тері мен жанкешті еңбегі тұрғанын бәрі бірдей ойлай бермейді.
Қанаттың жұмыс күні көпшілік демалып жатқан уақытта басталады. Күндізгі ауысымда таңғы оннан кешкі сегізге дейін еңбек етсе, түнгі ауысымда кешкі оннан таңғы сегізге дейін қызмет атқарады.
Оның міндеті – өзіне бекітілген төрт көшенің тазалығын қамтамасыз ету. Бір көшені толық сыпырып шығуға шамамен бір жарым сағат уақыт кетеді.

«Тоғыз сағаттың ішінде өзіме берілген аумақты толық аяқтауым керек. Күніне шамамен 70-80 шақырым жол жүреміз. Жиналған қоқысты арнайы полигонға апарып төгеміз», – дейді тәжірибелі маман.
Жол жиегін тазалайтын техниканың жылдамдығы да төмен. Өйткені жұмыс дәлдікті талап етеді. Бордюр бойындағы ұсақ қоқыстарды жинау, автотұрақтарды тазалау, көшенің әр метрін мұқият бақылау – оның күнделікті міндеті.
Астанамен бірге өскен маман
Қанат Балтабайұлы еңбек жолын қар тазалайтын ЗИЛ-131 техникасынан бастаған.
«Ең алғаш отырған көлігім – қар лақтыратын ЗИЛ-131 болатын. Кейін қаншама техниканың тізгінін ұстадым. Жалпы, «Астана Тазалықтағы» техникалардың барлығында дерлік жұмыс істедім деуге болады», – дейді ол.
Бүгінде ол түріктің «Erdemli» қондырғысымен жабдықталған ауыр техниканы жүргізеді. Арнайы жүйе жол жиегіндегі қоқыстарды жинайды.

Оның айтуынша, қазіргі коммуналдық техника бұрынғыдан әлдеқайда жетілдірілген.
«Бізде жаман техника жоқ. Барлығы заманауи талаптарға сай. Жұмысшылар үшін қолайлы жағдай жасалған. Техникада ақау шықса, дереу жөндейді. Жұмысымыздың тоқтап қалмауына барлық мүмкіндік қарастырылған», – дейді ол.
Қанат Балтабайұлы Астанаға көшіп келгеннен кейінгі өмірін осы саламен байланыстырды. Ширек ғасырға жуық уақыт ішінде ол қаланың қалай өзгергенін ғана емес, коммуналдық қызметтің де заман талабына сай жаңарғанын көрді.
Қала мәдениеті қалай өзгерді
Астана өскен сайын оның тұрғындары да өзгерді. Қала мәдениеті қалыптасты. Мұны күн сайын көшеде жүретін коммуналдық қызметкерлерден артық ешкім байқамайды.
Қанат Балтабайұлы алғашқы жылдарды жақсы еске алады.
«Қала енді салынып жатқан кезде тазалық мәселесі қиын болды. Құрылыс көп жүрді. Кейбір адамдар қоқысты қай жерге болса да тастай салатын. Ескертуімізді тыңдамайтындар да кездесетін», – дейді ол.

Бүгінде жағдай басқаша. Тұрғындардың тазалыққа деген көзқарасы да біртіндеп өзгеріп келеді.
«Қазір адамдардың қоршаған ортаға деген көзқарасы өзгерді. Әрине, қоқысты қалай болса солай тастайтындар әлі де бар. Бірақ олардың саны азайды. Тазалық мәдениеті қалыптасып келеді», – дейді маман.
Қанат Балтабайұлы мұндай жағдайларға бейжай қарамайды, қажет кезде азаматтық ұстанымын білдіреді.
«Мен міндетті түрде ескерту жасаймын. Көшені біреудің анасы немесе әкесі сыпырып жүр. Сондықтан адамдар сол еңбекті құрметтеуі керек», – дейді ол.
Тазалық – акция емес, өмір салты
Соңғы жылдары елімізде тазалық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған бастамалар жиі көтеріліп жүр. Бірақ Қанат Балтабайұлы үшін тазалық бір күндік акция емес. Ол үшін бұл – ширек ғасырлық өмір жолы.
Бұл – күн сайын таңертең көшені таза күйінде көруге деген жауапкершілік. Бұл – мыңдаған адамның жайлы өмірі үшін үнсіз атқарылатын еңбек. Тазалық құр сөзбен емес, нақты іспен дәлелденеді», – дейді.

Шын мәнінде, қаланың көркі биік ғимараттармен немесе жарық шамдарымен ғана өлшенбейді. Оның тазалығы, ұқыптылығы, тұрғындарының мәдениеті де маңызды. Ал сол тазалықтың артында Қанат Әбілмәжінов секілді өз жұмысын жауапкершілікпен атқарып жүрген еңбек адамдары бар.