Республикалық бюджетті кім толтырып отыр (инфографика)

2026 жылдың қаңтар-мамырындағы дерекке қарасақ, республикалық бюджетке (РБ) өңірлерден түсетін салықтың құрылымы біркелкі емес. Бір өңірлерде негізгі салмақ қосылған құн салығына (ҚҚС) түссе, екіншілерінде пайдалы қазбаларды өндіру салығы, ал мұнайлы аймақтарда кедендік әкету бажы басым.
Бұл өңір экономикасын қандай сала сүйенетінін де көрсетеді: ірі қалаларда тұтыну, сауда және қызмет көрсету алға шықса, батыс пен кенді өңірлерде шикізат факторы шешуші рөл ойнайды.
РБ-ке ең көп салық төлеген өңірлер
Әр ұяшықта өңір атауы тұр. Тінтуірді апарғанда оң жақта сома мен үлес шығады.
Республикалық бюджетке ең көп салық түсірген өңір – Алматы қаласы. Қала бойынша бюджетке 2,1 трлн теңгеден астам салық түскен. Оның ішінде негізгі салмақ ҚҚС-қа тиесілі. Алматыда ҚҚС көлемі 1,3 трлн теңгеден асады.
Бұл қаланың өндірістен гөрі сауда, импорт, қызмет көрсету және корпоративтік айналым арқылы республикалық бюджетке көбірек үлес қосатынын аңғартады. Дегенмен жеке салық түрі ретінде қарағанда, қалада корпоративтік табыс салығы да қомақты – шамамен 748 млрд теңгені құрайды.
Астана қаласында да жағдай ұқсас. РБ-ға түскен 1,1 трлн теңгеге жуық салықтың басым бөлігі ҚҚС есебінен қалыптасқан. Астанада ҚҚС-тың үлесі 70%-дан асады. Бұл елорда экономикасында мемлекеттік сектор, қызмет көрсету, құрылыс, сауда және ірі компаниялардың айналымы республикалық бюджет үшін негізгі базаға айналғанын көрсетеді.
Ал Шымкент қаласында бюджетке түсетін салықтың басым түрі де – ҚҚС. Қала бойынша республикалық бюджетке түскен салық 125,6 млрд теңге болса, соның 102 млрд теңгеге жуығы ҚҚС-қа тиесілі. Яғни Шымкент республикалық бюджетке негізінен тауар айналымы мен ішкі нарықтағы операциялар арқылы үлес қосып отыр.
Мұнайлы өңірлердің салық төлемдері ерекше
Мұнайлы өңірлердің салық құрылымы мүлде бөлек. Атырау облысында РБ-ға түскен 797 млрд теңгенің негізгі бөлігі кедендік төлем, нақтырақ айтқанда мұнайға салынатын кедендік әкету бажына тиесілі.
Бұл салық түрі облыс бойынша 470 млрд теңгеден асады. Сондықтан Атырау республикалық бюджетке тек ірі сома аударып отырған жоқ, оның түсімдері тікелей мұнай экспортымен байланысты.
Маңғыстау облысында да басты салық – кедендік төлемдер. Өңірден РБ-ға 171,7 млрд теңге түскен, оның 89 млрд теңгеге жуығы кедендік төлемдерге келеді. Мұнда да негізгі фактор – мұнай және сыртқы сауда операциялары.
Батыс Қазақстан облысында керісінше, басым салық – корпоративтік табыс салығы. РБ-ға түскен 125,9 млрд теңгенің 75 млрд теңгеден астамы КТС есебінен қалыптасқан. Бұл өңірде ірі корпоративтік сектордың, соның ішінде шикізат және өндіріс компанияларының табысы республикалық бюджет үшін негізгі көз болып тұрғанын көрсетеді.
Кен өндіру немесе табиғи ресурсқа тәуелді өңірлерде пайдалы қазбаларды өндіру салығы алға шығады. Мысалы, Ұлытау облысында РБ-ға түскен салықтың негізгі бөлігі осы салыққа тиесілі: 167,9 млрд теңгенің 158 млрд теңгеден астамы пайдалы қазбаларды өндіру салығынан түскен. Яғни өңірдің республикалық бюджетке беретін негізгі салмағы толық дерлік жер қойнауын пайдалануға байланған.
Осындай көрініс Абай облысында да байқалады. РБ-ға 309,9 млрд теңге түссе, оның 145,9 млрд теңгесі пайдалы қазбаларды өндіру салығынан, тағы 125,2 млрд теңгесі корпоративтік табыс салығынан түскен. Бұл өңірде шикізат пен ірі компаниялар бюджет түсімінің негізгі тірегі болып тұр.
Ақмола облысында да бірінші орында – пайдалы қазбаларды өндіру салығы. РБ-ке түскен 264,9 млрд теңгенің 93,3 млрд теңгесі осы бағыттан келген. Бірақ өңірде ҚҚС пен КТС те жақын деңгейде: ҚҚС – 87,7 млрд теңге, КТС – 82,8 млрд теңге. Яғни Ақмола облысында салық құрылымы бір ғана көзге емес, бірнеше бағытқа сүйенеді.
Шығыс Қазақстан облысында басты салық – пайдалы қазбаларды өндіру салығы. Ол 76,6 млрд теңгені құрайды. Бірақ өңірде ҚҚС та елеулі орын алады – 58,3 млрд теңге. Бұл ШҚО-да өнеркәсіптік база мен импорт/тауар айналымының қатар жұмыс істеп тұрғанын көрсетеді.
Түркістан облысында үш ірі салық шамалас деңгейде тұр: пайдалы қазбаларды өндіру салығы – 125,4 млрд теңге, ҚҚС – 118,5 млрд теңге, КТС – 116,7 млрд теңге. Бұл өңірде бір ғана салық түрі айқын үстем емес, республикалық бюджетке түсім бірнеше арнадан қалыптасады.
Павлодар облысында басым бағыт – ҚҚС. РБ-ке түскен 258,9 млрд теңгенің 103,8 млрд теңгесі ҚҚС есебінен түскен. Бірақ КТС пен пайдалы қазбаларды өндіру салығы да маңызды: тиісінше 84,6 млрд және 69,5 млрд теңге. Павлодарда өнеркәсіп, өңдеу және ірі кәсіпорындар бюджет құрылымын тең ұстап тұр.
Қарағанды облысында республикалық бюджетке түсетін негізгі салық – ҚҚС. Өңір бойынша РБ түсімі 187 млрд теңге болса, ҚҚС 130 млрд теңгеден асады. Бұл Қарағандыда өндіріс пен ішкі айналымның бюджетке әсері жоғары екенін көрсетеді.
Алматы облысында да РБ-ға түсетін негізгі салық – ҚҚС. 256,5 млрд теңгенің 179,8 млрд теңгесі ҚҚС-қа келеді. Бұл өңірдің Алматы қаласымен экономикалық байланысы, логистика, сауда және тұтыну нарығы арқылы республикалық бюджетке үлес қосатынын байқатады.
Қостанай облысында да ҚҚС бірінші орында. Бірақ айырмашылық аса үлкен емес: ҚҚС – 64,2 млрд теңге, пайдалы қазбаларды өндіру салығы – 29,4 млрд теңге, КТС – 27,8 млрд теңге. Яғни өңірде салық базасы аралас сипатта.
Қызылорда облысында негізгі салық – ҚҚС. РБ-ке түскен 96,5 млрд теңгенің 39,5 млрд теңгесі ҚҚС есебінен. Бірақ КТС, пайдалы қазбаларды өндіру салығы және кедендік төлемдер де елеулі үлеске ие. Бұл өңірде мұнай факторы бар, бірақ ол Атырау немесе Маңғыстаудағыдай абсолютті басым емес.
Жетісу облысында РБ түсімінің негізгі бөлігі ҚҚС-қа келеді. 76,8 млрд теңгенің 63,5 млрд теңгесі ҚҚС. Оның ішінде импортқа салынатын ҚҚС айқын көрінеді. Бұл өңірдің бюджетке үлесі көбіне шекаралық, сауда және импорттық операциялармен байланысты екенін көрсетеді.
Солтүстік Қазақстан облысында да ҚҚС айқын басым. РБ-ке түскен 64,9 млрд теңгенің 58,6 млрд теңгесі ҚҚС. Бұл өңірдің республикалық бюджетке түсімі негізінен тауар айналымы мен қосылған құн салығы арқылы қалыптасатынын көрсетеді.
Жамбыл облысында да басым салық – ҚҚС. 43,4 млрд теңгенің 36,7 млрд теңгесі осы салықтан түскен. Яғни өңірдің РБ-ке үлесі салыстырмалы түрде шағын болғанымен, құрылым жағынан тұтыну және айналым салығы шешуші орында.
Қорытындысында, республикалық бюджетке түсетін салық бойынша өңірлер үш үлкен топқа бөлінеді. Біріншісі – ҚҚС-қа сүйенетін өңірлер: Алматы, Астана, Шымкент, Алматы облысы, Қарағанды, Павлодар, Қостанай, Қызылорда, Жетісу, СҚО және Жамбыл.
Екіншісі – жер қойнауы төлемдері басым өңірлер: Ұлытау, Абай, Ақмола, Шығыс Қазақстан және белгілі бір деңгейде Түркістан.
Үшіншісі – мұнай экспорты мен кедендік төлемдерге тәуелді өңірлер: ең алдымен Атырау мен Маңғыстау.
Осы дерек республикалық бюджет үшін ең тұрақты әрі кең база- ҚҚС екенін көрсетеді. Бірақ ірі сомалар жағынан шикізат пен экспортқа байланған өңірлердің рөлі әлі де жоғары. Яғни бюджет құрылымында екі түрлі Қазақстан қатар көрінеді: бірі — сауда, қызмет көрсету және ішкі айналым арқылы салық төлейтін ірі қалалар; екіншісі — жер қойнауы мен мұнай экспорты арқылы республикалық қазынаны толтыратын өндірістік өңірлер.
Еске сала кетейік, алғашқы бес айда салық органдары 176 млрд теңге аз жинады.