Lifestyle

«time»: Әнші Yenlik жаңа бейнебаянында феминизм тақырыбын көтерді

Әнші Yenlik жаңа бейнебаян түсірді
Әнші шығармашылығында әлеуметтік мәселелер жиі көтеріледі / Instagram/Yenlik, бейнеклиптен скриншот ЖИ-мен өңделген

Танымал қазақ әншісі Еңлік Құрарбек (Yenlik) Халықаралық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес күні «time» деп аталатын бейнебаянын көпшілік назарына ұсынады. Автор жаңа туындысында қоғамдағы әйел теңдігі мәселесін көтерді.

Тимесе – тиме

Бейнебаян атауының өзі екі түрлі мағына беріп тұр: time – ағылшын тілінен уақыт деп аударылса, латын қарпімен жазылған қазақша «тиме» сөзі тиіспе дегенді білдіреді.

«Тимесе – тиме, керіспе!
Төбелескенде не пайда бар?», – деп әндетеді Еңлік.

Бірінші шумағы «Кімнің кім екенін уақыт пен өмірден сұрайық» деп басталады, яғни автор «time» сөзін қос мағынада қолданып отыр.

Жаңа туындының сөзін Еңлік Құрарбек жазса, әнін Нұржан Абдолла шығарған.

Шаңырақты жалғыз сүйреген әйел

Бейнебаянда өкшесі биік аяқкиім киген Еңлік жұпыны ескі бір үйді жалғыз өзі арқанмен сүйреп келе жатыр. Арғы жағында ірі мегаполистің биік үйлері менмұндалап тұр.

Мұндағы бейне өте терең метафоралық мағынаға ие. Ол қазақ қоғамындағы әйел затының мойнына жүктелген ауыр міндетті сипаттайды. Авторы сол арқылы отбасының бүкіл жауапкершілігі мен тұрмыс тауқыметін нәзік иығымен сүйреп келе жатқан әйелді бейнелеуге тырысқан.

Қоғамда жиі айтылатын «бүкіл ауыртпалықты жалғыз көтеру» деген сөз тіркесін Еңлік бейнебаянда осылай жеткізген. Әйел адамға қаншалықты ауыр жүк әрі психологиялық қысым екенін визуалды түрде көрсеткен.

Зорлық-зомбылықпен күрес күні

Бейнебаянның 19 маусымда көрсетілуінің өзі тегін емес. Дәл осы күнді Біріккен Ұлттар ұйымы Халықаралық жыныстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес күні деп бекіткен. Клиптегі феминизм, әйел теңдігі және «үйді жалғыз сүйреген» ауыр тағдыр тақырыбы осы күннің мазмұнына толық үндесіп тұр.

Yenlik бұған дейінгі жұмыстарында да феминизм мен әйел еркіндігі тақырыбын жиі көтерген. Әнші сол арқылы қоғамдағы гендерлік стереотиптермен күресуді, әйел затының күш-қуатын дәріптеуді мақсат тұтады.

29 жастағы Еңлік Құрарбек «BIPL», «DOP» деп аталатын әндерімен көпшілікке танылды. Ал 2026 жылғы қаңтарда ол әлемдік COLORS жобасында өнер көрсетті.