
2026 жылдың бес айында Ұлттық қорға мұнай компанияларынан 1,53 трлн теңге тікелей салық түскен. Бұған дейін қорға түскен қаржы мен алынған ақшаның есебін жариялап келген Қаржы министрлігі енді тек мұнай компаниялары аударған салық көлемін көрсететін болған. Қор қаржысын инвестициялаудан түсетін табыстың да есебі жоқ.
Дегенмен 5 айдағы республикалық бюджет есебінде Ұлттық қордан қазынаға 1,4 трлн теңге трансферт ретінде түскені айтылған. Яғни қаңтар-мамыр аралығында қордан алынған қаржы түскен салықпен теңесіп қалған. Жалпы 2026 жылы қордан 2,7 трлн теңге алу жоспарланған.
Қаржы министрлігінің құжатына сәйкес, осы кезеңде салықтың кейбір түрлері өскенімен, кейбірі айтарлықтай азайған. Мәселен, мұнай компанияларының корпоративтік табыс салығы 22,5%-ға өсіп, 559 млрд теңге болды.
Ал өнімді бөлісу келісімшарттарынан мемлекетке тиетін үлес 10,9%-ға азайып, 447,8 млрд теңгені құрады.
Пайдалы қазбаларды өндіру салығы да азайған. Бұл түсім бірден 48%-ға қысқарып, 266 млрд теңге ғана болды. Мұнай экспортынан түсетін ренттік салық 3%-ға өсіп, 172 млрд теңгеге жуықтады.
Салықтан бөлек, қорға мұнай компанияларына салынған айыппұлдар мен өсімпұлдардан 1,5 млрд теңгеден астам қаржы құйылды. Оның ішінде әкімшілік айыппұлдар 112,17 млн теңгені, мемлекеттік мекемелер салған өзге де санкциялар 1,04 млрд теңгені құрады.
Табиғатқа келтірілген зиян үшін мұнайшылардан 48,05 млн теңге өндірілді, ал басқа да салықтық емес түсімдер 426,83 млн теңге болды. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы жерлерін сатудан қорға 13,45 млн теңге түсті.
Негізінен Ұлттық қорға мемлекеттік мүлікті жекешелендіру, банктердің несие портфельдерін жақсартатын ұйым активтерін сату және инвестициялық қызметтен де ақша түседі.
Алайда Қаржы министрлігі бұл толық мәліметтерді соңғы рет сәуір айында, тек І тоқсан қорытындысы бойынша жариялады.