Вэнс Израильге: Вашингтонның қолдауын шексіз деп қабылдамаңдар

Жарияланды
Business news бөлімінің аға журналисі
АҚШ-тың вице-президенті Джей Ди Вэнс ескерту жасады / фото: engage.com

АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс Израильге қатысты қатаң сын айтты. Ол Дональд Трамп Израильдің «ықпалды жалғыз одақтасы» болып қала беретінін еске салған. Әрі Израильдің қорғаныс қаруының үштен екісі АҚШ-та өндірілген немесе АҚШ есебінен төленген айтып, Израиль басшылығына «шындықты түсіну керек» деген ой жеткізді, деп жазады Reuters.

Бұған дейін берген сұхбатында ол Итамар Бен-Гвир мен Бецалель Смотричке қарата «Сіздер халқы 9 млн адам болатын елсіздер. Ұлттық қауіпсіздікке қатысты әр мәселені адамдарды өлтіру арқылы шеше алмайсыздар» деген.

Алайда мұндай сын әзірге АҚШ-тың Израильден теріс айналғаныннемесе әскери көмекті тоқтатуды талап етіп отырғанын білдірмейді. Вэнс Израиль үкіметіндегі оңшыл министрлерді әдейі сынады, бірақ Нетаньяхуға олардан арақашықтық сақтауға мүмкіндік қалдырды. АҚШ жыл сайын Израильге шамамен 4 млрд доллар әскери көмек береді. Қазір екі ел жаңа келісімді талқылап жатыр. Сондықтан Вэнстің америкалық ақша туралы айтуы – көмекті қысқарту туралы нақты шешім емес, ықтимал қысым құралы бар екенін ескерту.

Саяси есеп

Қазір Вэнстің басты мақсаты – «Иранмен жасалған келісімді қорғау» – дейді экономист Шамсутдинов. Израиль Ливанның оңтүстігін әлі де ұстап отыр әрі жаңа соққылар жасау мүмкіндігін жоққа шығармайды. Ал Вашингтон Израиль, Ливан және «Хезболла» арасында атысты толық тоқтатуды талап етіп отыр.

Егер Израиль ірі әскери операция бастаса, бұл Тегеранмен 60 күндік келіссөздерді бұзуы мүмкін. Ондай жағдайда Трамптың келісімі саяси жеңіліске айналады. Сондықтан Вэнс Израиль мемлекетінен гөрі, АҚШ стратегиясына кедергі келтіруі мүмкін күштерге ескерту жасап отыр.

Бұл оның бұрынғы ұстанымына да сай келеді. 2024 жылы Вэнс АҚШ пен Израильдің мүдделері әрдайым бірдей бола бермейтінін айтқан. Сондай-ақ Иранмен соғыс тым қымбатқа түсіп, АҚШ ресурстарын басқа жаққа бұрып жібереді деп ескерткен. 2026 жылғы соққылар алдында да ол әкімшілік ішінде күмән айтқан, бірақ Трамп шешім қабылдағаннан кейін операцияны ашық қолдады. Қазіргі риторикасы – Трамппен мәжбүрлі түрде бір бағытта болған кезеңнен кейінгі America First (АҚШ-тың сыртқы, ішкі саясатындағы ұлттық мүдделерді бірінші орынға қоюды көздейтін саяси доктрина мен ұран) ұстанымына қайта оралуы.

Айта кетейік, АҚШ пен Иран бейбіт келісімі аясында Ормұз бұғазынан алғашқы танкерлер өткенін жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз