Жалпы құны 1 млрд теңге: Жамбылда ірі құс шаруашылығы кешенінің құрылысы басталды

Жарияланды (жаңартылды )
фото: Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың агроөнеркәсіп кешенін дамыту, азық-түлік қауіпсіздігін нығайту және өңірлерге инвестиция тарту жөніндегі тапсырмалары аясында Жамбыл облысында тағы бір ірі инвестициялық жоба қолға алынды.

Меркі ауданында «ЭкоФерма» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмыртқа бағытындағы құс шаруашылығы кешенінің іргетасын қалау рәсімі өтті. Өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды жобаның капсула салу рәсіміне Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев қатысып, жаңа бастамаға сәттілік тіледі.

фото: Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

– Жұмыртқа бағытындағы құс шаруашылығы кешенінің іске асуы өңірдегі ауыл шаруашылығының өндірістік әлеуетін арттырып, асыл тұқымды қорды қалыптастыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде өнім сапасы жақсарып, өндіріс тиімділігі артады, импортқа тәуелділік төмендейді. Ең бастысы, жаңа жұмыс орындары ашылып, агроөнеркәсіп кешеніндегі қосылған құн көлемі ұлғаяды. Мұндай жобалар өңір экономикасын әртараптандыруға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және ауылдық аумақтардың дамуына тың серпін береді, – деді облыс әкімі.

Жоба жетекшісі Бақыт Көкебаев бұл бастаманың өндіріс көлемін арттырумен қатар, ауылдық жерлердің дамуына, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге бағытталғанын атап өтті.

Салтанатты шарада ауыл ақсақалы Белгібай Айнақұлов ақ батасын беріп, жаңа кәсіпорынның жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып, елді мекеннің өркендеуіне үлес қосатынына сенім білдірді.

фото: Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

Жобаның жалпы құны 1 миллиард теңгені құрайды. Қаржыландыру толықтай кәсіпкердің жеке қаражаты есебінен жүзеге асырылуда. Жалпы аумағы 4 гектарды қамтитын кешеннің алғашқы кезеңінде 20 мың бас тауық өсіріледі. Кейін өндірістік қуаттылығы 100 мың басқа дейін ұлғайтылып, жылына 30 миллион жұмыртқа өндіру көзделген. Әр тауықтан жылына орта есеппен 300-320 жұмыртқа алу жоспарланып отыр.

фото: Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

Кәсіпорын пайдалануға берілгеннен кейін 20-25 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұл ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтып қана қоймай, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал етеді.

Айта кетейік, Жамбыл облысында соңғы үш жылда өңір экономикасына 764,5 миллиард теңге инвестиция тартылып, облыс республикадағы инвестициялық өсімі жоғары өңірлердің біріне айналды. Биылғы жылдың алғашқы төрт айында жалпы құны 143 миллиард теңгені құрайтын төрт жоба іске қосылып, 920 жаңа жұмыс орны ашылды.

Жыл соңына дейін тағы 47 инвестициялық жобаны пайдалануға беру жоспарлануда. Ал алдағы жылдары жалпы құны 5,6 триллион теңгені құрайтын 116 жобадан тұратын ауқымды инвестициялық пул кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады.

Сондай-ақ оқыңыз