
Велосипед тебу ер адамдар денсаулығына зиян ба?! Бұл сұраққа проктолог және хирург Эльвин Гусейнов жауап берді. Дәрігердің айтуынша, велосипедтің орындығы жәйсіз немесе оған дұрыс отырмаса жамбас тұсында жайсыздық сезімін тудыруы мүмкін. Бірақ бұл простатитке тікелей себеп болмайды.
«Велосипедтік простатит» дегеніміз не
Маманның айтуынша, «велосипедтік простатит» деген ұғым велосипедпен тұрақты айналысатын ер адамдарда кездесетін жағдайды сипаттау үшін қолданылады. Мұндай кезде ерлерде шат аралығында жайсыздық, зәр шығаруға байланысты қиындықтар және жыныстық қабілеттің төмендеуі сияқты белгілер байқалуы мүмкін.
«Велосипедтің өзі қуықасты безінің қабынуына әкелмейді. Нағыз бактериялық простатит – бактериялардың қуықасты безі тініне енуінен пайда болатын жұқпалы ауру. Бұл жерде себеп велосипедке байланысты емес», – деп түсіндірді Гусейнов.
Велосипед тебудің ер адамдар денсаулығына әсері
Сонымен қатар дәрігер дұрыс отырмау және қолайсыз орындық ерлер денсаулығына кері әсер етуі мүмкін екенін атап өтті. Шат аралығына түсетін қысым ұю сезімін, сезімталдықтың төмендеуін және уақытша эрекция мәселелерін тудыруы ықтимал.

«Дұрыс таңдалмаған орындық шат аралығындағы жүйке мен кіші жамбас ағзаларын қоректендіретін қан тамырларына қысым түсіреді. Бұл бұрыннан бар қабыну үдерістерін күшейтуі мүмкін. Алайда көп жағдайда бұл қуықасты безінің қабынуы емес, шат жүйкесінің зақымдануына байланысты жағдай. Отыру қалпын уақытында түзетіп, орындықты ауыстырса, бұл өзгерістер қайтымды болады», – деді ол.
Қиындықтардың алдын алу жолдары
Маман жағымсыз әсерлердің алдын алу үшін анатомиялық пішіндегі орындықты пайдалануды, отыру қалпын дұрыс реттеуді, әр 15 минут сайын үзіліс жасауды, жұмсақ төсемі бар арнайы киім киюді және ағзадағы кез келген жайсыздық белгілеріне мән беруді ұсынды.
«Велосипедтік простатит» – ойдан шығарылған нәрсе емес, бірақ бұл нақты диагноз да емес. Бұл – ағзаның белгілі бір аймаққа шамадан тыс күш түсіп жатқанын білдіретін белгі. Зиян келтіретін нәрсе – велосипедтің өзі емес, оны дұрыс пайдаланбау», – деп қорытындылады Гусейнов.
Еске салсақ, осыған дейін ер адамдардың 40 жастан кейін де жас көрінуінің құпиясы жайлы жазған едік.