
Футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатында топтық кезеңнің екінші туры жалғасып, жанкүйерлерді алда Е пен F топтарының тартысты төрт кездесуі күтіп тұр.
Жарыстың алғашқы турынан кейін командалардың жағдайы әртүрлі: Германия, Швеция және Кот-д’Ивуар турнирді жеңіспен бастаса, Нидерланды мен Жапония өзара тең ойнап, ұпай жоғалтты.
Ал Эквадор, Кюрасао және Тунис құрамалары үшін бұл жолғы матчтар плей-офф кезеңіне шығу мүмкіндігін сақтап қалу тұрғысынан шешуші мәнге ие болмақ.
F тобы: Алғашқы ұпай үшін талас пен жаңа бапкердің сыны
Бұл топтағы басты кездесулердің бірі Хьюстонда Нидерланды мен Швеция арасында өтеді. Нидерланды құрамасы алғашқы турда Жапониямен тең түсіп (2:2), жанкүйерлерін сәл де болса қынжылтты.
Сондықтан Рональд Куман шәкірттеріне бұл жолы қорғанысты күшейтіп, тек жеңіс үшін ойнау қажет. Ал Грэм Поттер жаттықтыратын Швеция, керісінше, Тунисті 5:1 есебімен талқандап, турнирді сенімді бастады.
Шведтердің шабуыл өтіндегі Александер Исак пен Виктор Дьекереш жұбы қазірдің өзінде чемпионаттың ең қауіпті дуэттерінің біріне айналып үлгерді.
Топтағы екінші кездесу Монтеррейде Тунис пен Жапония арасында ұйымдастырылады. Алғашқы матчта ірі есеппен ұтылған Тунис құрамасы шұғыл түрде бапкерін ауыстырып, тізгінді Эрве Ренарға ұстатты.
Жаңа маман үшін бұл ойын үлкен сынақ болмақ. Ал нидерландылықтардан ұпай еншілеген Хадзимэ Мориясудың Жапония құрамасы бұл кездесуде жеңіске жетсе, келесі кезеңге шығу мүмкіндігін айтарлықтай арттырады.
E тобы: Көшбасшылар айқасы және аутсайдерлер тағдыры
Торонто төрінде Германия мен Кот-д’Ивуар құрамалары кездеседі. Юлиан Нагельсманн бастаған Германия бірінші турда Кюрасаоны 7:1 есебімен ойсырата ұтып, өзінің мықты дайындығын көрсетті. Егер немістер бұл матчта да жеңіске жетсе, плей-офф жолдамасын мерзімінен бұрын иеленеді.
Алайда, Эмерс Фаэ баптайтын Кот-д’Ивуар оңай шағылатын жаңғақ емес. Африкалықтар алғашқы турда Эквадорды 1:0 есебімен жеңіп, қорғаныста шыдамдылық таныта алатынын әрі қателікті кешірмейтінін дәлелдеді.
Канзас-Ситиде өтетін Эквадор мен Кюрасао матчында екі ұтылған команда кездеседі. Қос ұжымда да қазір ұпай жоқ, сондықтан жеңіліске ұшыраған тарап жарысты аяқтауға шақ қалады. Эквадорға тек жеңіс қана емес, сонымен қатар соғылған голдардың айырмашылығын жақсарту да өте маңызды.
Ал өз тарихында тұңғыш рет әлемдік додаға қатысып жатқан Кюрасао құрамасы Германияға ірі есеппен есе жібергенімен, бір гол соғып үлгерген еді. Енді олар бұл дебюттің кездейсоқ еместігін дәлелдеуге тырысады.
Осының алдындағы түнде әлем чемпионатында төрт ойын аяқталды:
- С тобында: Марокко Шотландияны (1:0) қапы қалдырса, Бразилия Гаитиді (3:0) айқын басымдықпен ұтты.
- D тобында: АҚШ құрамасы Австралиядан (2:0) үстем түсті, ал Парагвай Түркияны (1:0) жеңді.
АҚШ, Канада және Мексика елдерінде бірлесіп өтіп жатқан бұл 23-ші әлем чемпионаты тарихта тұңғыш рет 48 команда қатысады.
Жарыс ережесі бойынша, топтық кезеңнің қорытындысымен әр топтан үздік шыққан екі команда және үшінші орын алғандардың ішінен ең жақсы нәтиже көрсеткен сегіз құрама плей-оффқа жолдама алып, жарысты 1/16 финалдан әрі қарай жалғастырады. 11 маусымда басталған дүбірлі дода 19 шілдеде мәресіне жетеді.