Ақтөбедегі жарылыс: газ бекетінің иесі ұсталды

Ақтөбеде автогаз құю бекетінде болған жарылыстан кейін станция иесі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бекет аумағында көлік өртеніп, ішіндегі әйел адам мен кәмелетке толмаған екі бала тірідей жанып кеткен. Осы жағдайға байланысты ««Жарылыс қаупі бар объектілерде қауіпсіздік қағидаларын бұзу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталған.
Осы көліктен тек бір ер адам ғана аман қалды. Ол қазір ауыр халде ауруханада жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, зардап шегушінің денесінің 40–45 пайызын күйік шалған.
Қазір полиция қызметкерлері жанармай бекетінде нақты не болғанын және көліктің тұтануына не себеп болғанын анықтау үшін тиісті тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Істің барысы полиция басшылығының ерекше бақылауына алынған.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт туралы хабарлама 19 маусым күні сағат 22:55-те түскен. Өрт сөндірушілер оқиға орнына шұғыл жетіп, тілсіз жауды 8 минут ішінде толық ауыздықтады.
Өрттің жанармай бекетінің өзге нысандарына таралуына жол берілмегенімен, жалын сөндірілгеннен кейін көлік ішінен үш адамның мәйіті табылды.