Бектенов жанармай тапшылығын болдырмас үшін шекарадағы бақылауды күшейтуді тапсырды

Қазақстан отын тапшылығын болдырмау үшін шекарадағы бақылау күшейтіліп, заңсыз экспорттың жолын кеспек.
Премьер-министр Олжас Бектенов мұнай өнімдері нарығындағы жағдайға байланысты жауапты министрліктер мен құқық қорғау органдары басшыларының қатысуымен жиын өткізді. Жиында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов елдегі ахуал туралы баяндады.
Министрліктің мәліметінше, қазіргі уақытта Қазақстандағы мұнай өңдеу зауыттары штаттық режимде жұмыс істеп тұр.
Елдегі бензин, дизель және авиациялық отынның қоры 1 миллион тоннадан асады. Үкімет бұл қор ішкі нарықтың сұранысын толық өтеуге жеткілікті екенін және қазіргі уақытта жанар-жағармай тапшылығы жоқ екенін мәлімдеді.
Бөлінген отын бірінші кезекте жанармай құю бекеттеріне, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге және отандық авиакомпанияларға жеткізіліп жатыр.
Жиында мұнай өнімдерін елден заңсыз шығару мәселесі ерекше талқыланды. Қазіргі уақытта Қазақстанда отынның кейбір түрлерін автокөлікпен, ал жеңіл дистилляттарды теміржол көлігімен шекарадан асыруға тыйым салынған. Сонымен қатар, автокөліктер үшін мемлекеттік шекарадан тәулігіне бір реттен артық өтпеу шектеуі енгізілген.
Ішкі істер министрлігінің дерегі бойынша, тек соңғы айдың өзінде елден 12 тоннаға жуық жанар-жағармайды заңсыз алып кетпек болғандар анықталған. Сондай-ақ, бензин бактары заңсыз қайта жабдықталған 54 автокөлік анықталып, олардың иелері жауапкершілікке тартылды.
Жиын қорытындысы бойынша Премьер-министр Олжас Бектенов елде отын тапшылығына жол берме үшін шекарадағы бақылауды барынша күшейтуді тапсырды.
Бұған дейін Қырғызстанға 37,2 млрд теңгенің жанармайын өткізбек болған топ ұсталды.