Әл-Фарабидегі апат: марқұмның әкесі кәсіпкерден 100 млн теңге өндіруді сұрады

Әл-Фараби даңғылында қайтыс болған Томирис Қыдырбектің әкесі Рүстембек Шатенов сотталушы Александр Пактан 100 млн теңге өндіруді сұрап отыр. Бұл туралы сот жарыссөзі барысында айтылды.
«Жалғыз қызымның орны ойсырап қалды. Оның өлімінен кейін өмірім екіге айырылды. Ешқандай ақша қызымды қайтара алмайды, өмірім бұрынғыдай болмайды.
Қайтыс болған қызымның небәрі 20 жаста болғанын, жалғыз қызынан айырылған әкенің азап шегіп отырғанын, келген зиянды толық өтеу мүмкін емес екенін ескеріп, моральдық зиян ретінде 100 000 000 теңге мөлшерінде өтемақы белгілеуді әділ деп санаймын», – деді Рүстембек Шатенов.
Бұған дейін қылмыстық істегі прокурор Әлібек Күмісбеков сотталушы Александр Пакты 10 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Әл-Фарабидегі апат
2026 жылдың 21 наурызына қараған түні әл-Фараби даңғылында апат болып, үш адам қаза тапты. Олар: 1996 жылы туған Еламан Қайыржанұлы, 2003 жылы туған Құмар Теңелбаева және 2005 жылы туған Томирис Қыдырбек.
Сот барысында айыпталушы Александр Пак кінәсін мойындап, марқұмдардың отбасынан кешірім сұрады. Сондай-ақ бостандыққа шыққаннан кейін де қайтыс болғандардың отбасына көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеді. Ал жәбірленуші тарап Александр Пакқа кешірім беріп, оны бас бостандығынан айырмауды сұрады.
Сот тергеуі аяқталмастан бұрын қылмыстық іске қайтыс болған Томирис Қыдырбектің әкесі Рүстембек Шатенов жәбірленуші ретінде қосылды.