
Алакөлде туристік маусым басталды. Демалыс күндері көл жағалауындағы фестивальге жүздеген адам жиналды.
Маусым ашылды
«Алакөл алаулары – 2026» фестивалінде биылғы туристік маусым ресми түрде ашылды. Абай облысының әкімі Берік Уәли тұрғындар мен демалушылар алдында сөз сөйледі.
«Баршаңызды еліміздің інжу-маржаны, ауасы бал, суы ем қасиетті Алакөлдегі биылғы жазғы демалу маусымы басталуымен шын жүректен құттықтаймын», – деді өңір басшысы.
Уәлидің айтуынша, Алакөлде концерттік бағдарламалар тамыз айына дейін жалғасады. Аптасына екі рет, сәрсенбі, сенбі күндері демалыс аймағына әнші, биші, күйшілер келіп, көпшілікке көңіл-күй сыйлайды.


Жексенбідегі фестивальде күйші-композитор Секен Тұрысбек, дәстүрлі ән өнерінің өкілі Дінисламбек Жайлаубай, сонымен бірге қазақ эстрадасының танымал жұлдыздары Дана Кентай, Еркеш Хасен, Қанай және Зарина Омарова өнер көрсетті.
Өнерпаздардың әсем әндері мен күмбірлеген күйлері Алакөл жағалауына жиналған көрермендерге ерекше әсер сыйлап, мерекелік кештің сәнін кіргізді. Шара мерекелік отшашумен аяқталды.

Құлпырған Алакөл
Өңір әкімдігінің мәліметінше, Алакөл жағалауында инфрақұрылымды жаңарту және абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Демалушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында жағалауға 50-ден астам санитарлық-гигиеналық торап орнатылып, 35 душ кабинасы, 110 киім ауыстыру орны, 100 қоқыс контейнері және 150 қоқыс жинауға арналған контейнер жаңадан қойылды.
Туристер қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жағалауға ұзындығы 5 мың метр болатын қалқаншалар орнатылды. 224 бейнебақылау камерасы жұмыс істеп тұр.
Кейінгі екі жылда көл жағалауында 10 шақырым көше жолдарына асфальт төселді. Биыл Үкіметтің қолдауымен ұзындығы 72 шақырым болатын «Көктал-Алакөл» электр желісінің құрылысы басталды. Бұл жоба Алакөл жағалауындағы электр қуаты тапшылығы мәселесін түбегейлі шешуге мүмкіндік береді.
Естеріңізге сала кетейік, биыл сәуірде президент Алакөл мен Балқашты реттеуді тағы тапсырған.