Бірнеше өңірде 42 градусқа дейін аптап ыстық болады

Қазақстанның бірнеше өңірінде осы аптада 42 градусқа дейін аптап ыстық болатынын «Қазгидромет» ескертті. Оңтүстікте ғана емес, солтүстік өңірлерде де ауа температурасы қатты көтеріледі.
Мәліметтерге қарағанда, 22-30 маусымда Алматы облысының солтүстігінде, ал 22-23 маусымда Қарағанды, Павлодар облыстарының оңтүстігінде 41 градус ыстық болады. Оңтүстіктегі өңірлердің кейбірінде ауа температурасы 42 градусқа дейін көтеріледі.
Оңтүстік өңірлер
22 маусымда күндіз Қызылорда облысының солтүстігінде, орталығында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Дауыл тұрады. Күндіз облыс бойынша 40-42 градус ыстық болады. Өрт қаупі жоғары.
Дүйсенбі күні Түркістан облысының батысында, солтүстігінде, таулы және тау бөктерлі аудандарында өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Солтүстік-батыстан соғатын жел екпіні 15-20 м/с дейін жетеді. Облыстың батысында, орталығында өрт шығуы мүмкін.
Жамбыл облысының оңтүстігінде, таулы аудандарында өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Жел екпіні – 15-20 м/с. Күндіз облыс бойынша 38 градус ыстық болады. Облыста өрт шығу қаупі бар.
22 маусымда Алматы облысының таулы аудандарында өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Оңтүстік-батыстан жел соғып, екпіні 15-20 м/с дейін жетеді. Күндіз 35-38 градус ыстық болады. Өрт шығу қаупі бар.
Дүйсенбі күні күндіз Жетісу облысының таулы аудандарында өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Солтүстік-шығыстан жел соғып, Алакөл көлдері ауданында екпіні 15-20, кей уақыттарда 23-28 м/с дейін күшейеді. Күндіз 35-38 градус ыстық болады.
Шығыс өңірлер
22 маусымда Абай облысында күндіз 35-38 градус ыстық болады. Өрт шығу қаупі бар.
Дүйсенбіде күндіз Шығыс Қазақстан облысының батысында, шығысында, оңтүстігінде өткінші жаңбыр жауады. Жел екпіні 23 м/с дейін күшейеді. Күндіз облыс бойынша 35-36 градус ыстық болады.
Солтүстік облыстар
Түнде Қостанай облысының батысында, солтүстігінде, оңтүстігінде жаңбыр, ал солтүстігінде бұршақ жауады. Түнде және таңертең облыстың батысында, солтүстігінде тұман түседі. Облыстың оңтүстігінде 39 градус ыстық болады.
Дүйсенбі күні Солтүстік Қазақстан облысының батысында аздаған жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Оңтүстікте дауыл тұрады. Түнде және таңертең облыстың батысында, солтүстігінде тұман түседі. Жел соғып, екпіні кей уақытта 25 м/с дейін күшейеді. Күндіз 35 градус ыстық болады.
22 маусымда күндіз Павлодар облысында 35-38 градус қатты ыстық, ал өңірдің оңтүстігінде 41 градус ыстық болады. Өрт шығу қаупі жоғары.
Ақмола облысының батысында күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Күндіз 35-38 градус ыстық болады.
Орталық өңірлер
Дүйсенбіде күндіз Ұлытау облысында 35-38, ал өңірдің батысы мен оңтүстігінде 41 градус ыстық болады. Өрт шығу қауіп бар.
Қарағанды облысының батысы мен оңтүстігінде 38 градус ыстық болады. Өрт шығу қаупі жоғары.
Батыс өңірлер
22 маусымда Батыс Қазақстан облысында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Солтүстігінде, шығысында, орталығында қатты жаңбыр, бұршақ жауады. Дауыл тұрады. Өрт шығуы мүмкін.
Ақтөбе облысының солтүстігінде, шығысында, орталығында түнде жаңбыр жауады. Кейде соңы нөсерге айналып, батысы мен шығысында бұршақ түседі. Күндіз облыстың оңтүстігінде 35 градус ыстық болады.
Атырау облысының батысында, солтүстігінде, шығысында жаңбыр жауып, дауыл тұрады. Жел екпіні – 15-20 м/с.
Маңғыстау облысының батысында, оңтүстігінде, орталығында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Солтүстік-батыстан жел соғып, екпіні 15-20 м/с дейін күшейеді.