Республикалық маңызы бар жолдарда электромобиль қуаттайтын 250 станса салынады

Қазақстандағы республикалық маңызы бар жолдардың бойына заманауи эко-сервис стансалары салынады. Үкімет бұған 180 млрд теңге жеке инвестиция тарту туралы келісімді мақұлдап, премьер-министр тиісті қаулыға қол қойды.
Жобаны Көлік министрлігі мен «Car Park Transformer» ЖШС бірлесіп қолға алған. Жоспар бойынша 2030 жылға дейін елдегі күре жолдардың бойында, қазіргі демалыс алаңдарында 250 жаңа қызмет көрсету стансасы бой көтереді. Оның алғашқы 50 нысаны дәл биыл салынып, пайдалануға берілмек.
Олар жай ғана тұрақ емес, жаңартылатын энергия көздерімен жұмыс істейтін заманауи көпфункционалды кешендер болады. Ішінде сауда орындары мен қызмет көрсету пунктері, электромобильдерді қуаттайтын стансалар, тоқпен қамтуға арналған күн панельдері де орналаспақ.
Жобаның өңірлер үшін де әлеуметтік пайдасы зор. Құрылыс пен сервистің арқасында жергілікті жерлерде 2 мың жаңа жұмыс орны ашылады.
Қазір Қазақстанның халықаралық және республикалық тасжолдарының бойында 1 428 қызмет көрсету нысаны жұмыс істеп тұр.
Тағы да оқыңыз: Қазақстанда электромобильдерді ең көп тізгіндейтін қала анықталды