Lifestyle

«Менің де айтарым көп»: Төреғали Төрәлінің әйелі мәлімдеме жасады

Төреғали Төреәлі / фото: instagram

Төреғали Төрәлінің шығармашылық қызметінің тоқтатылуы мен продюсерлік орталықпен арадағы дауына қатысты әншінің жары Толқын Тұрарбекқызы пікір білдірді.

Бұған дейін, әншінің продюсері Жан Мұқанов мәлімдеме жасап, Төреғалидің Павлодардағы іс-шараға келмей қалғанын, соған байланысты күзгі халықаралық туры мен Алматы қаласы күніне жоспарланған концерттерінің күші жойылғанын хабарлаған еді. Сондай-ақ «Төреғали Төрәлі» брендіне тиесілі құқықтар да продюсерлік орталықтың бақылауында қалатыны айтылды.

Бұл жаңалық желіде талқыға түскен соң, әншінің жары Толқын Instagram парақшасында сторис жариялады.

«Сәлем бердім! Қалайсыздар?! Бәрін көріп-біліп отырған шығарсыздар! Менің де айтарым көп! Екінші тарапты күтіп отырмын. Жақсылықтың жаршысы болайық», – деп жазды Толқын.

Әзірге әншінің жары нақты ештеңенің басын ашып айтқан жоқ.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін продюсер Жан Мұқанов Төреғалидің міндеттемелерін орындамағанын айтып, Шымкент, Талдықорған және Павлодар қалаларының әкімдіктері мен көрермендерінен кешірім сұраған еді.