Михаил Шайдоров АҚШ-та жаңа бапкермен жаттыға бастады

Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров америкалық бапкер Рафаэль Арутюнянмен бірге жаттығып жүр. АҚШ-тың Калифорния штатындағы мұзда сырғанап жүрген сәтте түсірілген видеоны мәнерлеп сырғанаушының өзі жариялады.
Шайдоровтың Америкаға сапары
Бұған қоса, Шайдоров америкалық бапкермен бірге түскен суретін әлеуметтік желіге жүктеді. Оған «Once Upon a Time in America» деген сипаттама берді. Естеріңізде болса, кезінде Михаил дәл осылай деп аталатын америкалық фильмнің саундтрегін – сазгер Эннио Морриконе туындысын еркін бағдарламасы үшін пайдаланған.
Құрама Штаттарда жүрген Шайдоровтың жаттығуға кірісіп те кеткенін мұзда түсірілген видеодан аңғаруға болады. Әзірге оның нақты қандай музыкаға сырғанап жүргені белгісіз. Бірақ оған жаңа бағдарлама қоюға әлемге әйгілі канадалық хореограф Ше-Линн Бурн көмектесуге тиіс.

Шайдоров бапкер ауыстырды ма?
Олимпиада чемпионының бапкер ауыстырғаны туралы ресми мәлімет жоқ. Бірақ Шайдоров бұған дейін АҚШ-қа Арутюняннан кеңес алу үшін баратынын растаған.
Осы уақытқа дейін Михаилды ресейлік Алексей Урманов жаттықтырып келді. Соған қарағанда, Шайдоров Құрама Штаттарда жаңа бағдарламасын қоюға, тәжірибе алмасуға бара жатыр.
Айта кетейік, Арутюнянның мұзында тағы бір қазақстандық София Самоделкина да жаттығып жүр. Бұған қоса, ол америкалық спортшы Илья Малининді баптайды. Малинин – Шайдоровтың мұздағы басты қарсыласы.