
«Ойыншықтар хикаясы 5» анимациялы фильмі алғашқы аптада бүкіл әлем бойынша 312 млн доллар жинап, франшиза рекордын жаңартты. Фильм қазақ тіліне аударылған.
18 маусымнан бастап кинотеатрларда көрсетіле бастаған Toy Story 5 көпшіліктің қызығушылығын туғызды. Демалыс күндері АҚШ пен Канаданың өзінде оның кассасы 160 млн доллар болды. Салыстырар болсақ, мультфильмнің төртінші бөлімі алғашқы күндері 120 млн доллар жинаған.
Фильмді Walt Disney-ге қарасты Pixar Animation студиясы түсірген. Франшизаның жарыққа шыққанына биыл 31 жыл толды.
Мамандар биыл «Ойыншықтар» прокатта 1 млрд доллардан астам қаражат жинайтынына сенімді. Өйткені фильмнің төртінші бөлімі осы межені еңсерген.

The Seattle Times мәліметінше, фильм өндірісіне 250 млн доллар жұмсалған. Бұған маркетинг шығыны кірмейді. Жобаға Том Хэнкс (Вуди), Тим Аллен (Базз Лайтер) және Джоан Кьюсак (Джесси) сынды танымал актерлер қатысқан. Ал Тейлор Свифт «I Knew It, I Knew You» деп аталатын жаңа ән орындаған.
Киносыншылар «Ойыншықтарды» жоғары бағалады. Көрермендер де дән риза.
Анимациялы фильм Қазақстан кинотеатрларында да көрсетіліп жатыр. Фильм қазақ тіліне аударылған. Дубляжға Әбілмансұр Серіков, Асан Мәжит сынды актерлер қатысқан.
Freedom Ticketon сервисінің мәліметінше, фильмнің қазақ тіліндегі нұсқасы Kinoforum, Chaplin, CINEMAX, «Арман» және Lumiera Cinema кинотеатрларында көрсетіледі. Билет 1100 теңгеден басталады.