Полиция бет-жүзін тұмшалағандарға тағы бір ескерту жасады

Ішкі істер министрлігі қоғамдық орындарда азаматтардың бет-жүзін тануға кедергі келтіретін киімдерді киюге тыйым салынғанын тағы бір еске салды.
Полицияның хабарлауынша, адамның түрі көрінбейтіндей етіп тұмшалау құқық бұзушылық саналады. Бұл норма «Құқық бұзушылық профилактикасы» заңының 75-бабы 3-тармағында қарастырылған.
Бұл талап ауа райына және медицина мамандарының ұсынысына байланысты қолданылмайды.
Сондай-ақ қызметтік міндеттерді атқару, спорт және мәдени іс-шараларға қатысу кезінде де тыйым салынбайды.
Мұндай әрекет үшін жауапкершілік Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-3-бабында белгіленген.
Соған сәйкес, алғашқы құқық бұзушылық үшін ескерту жасалады. Бір жыл ішінде қайталанған жағдайда 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Бұл 2026 жылы 43 250 теңгеге тең.
Бұған дейін қоғамдық орында бет-жүзін тұмшалап алған 1179 адам әкімшілік жауапқа тартылды.